Сovid-19 індетi және жеке жауапкершілік мәселесі

None
None

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - OVID-19 індеті 2019 жылдың соңында Қытай Халық Республикасының Ухань қаласында пайда болып, қысқа уақытта тұтас әлемге жайылып үлгерді. Бүгінгі таңда әлем бойынша осы індетке тап болған адамдардың саны 10,5 миллионнан, қаза тапқан адамдардың саны жарты миллионнан асты. Вирустың таралу тенденциясын ескере отырып, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус 2020 жылы 11 наурызда COVID-19 індетін, яғни коронавирусты әлемдік пандемия ретінде жариялаған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат strategy2050.kz-ке сілтеме жасап.

Әлемдік тарихта белгілі бір географиялық аумақта немесе әлемдік деңгейде таралған және талай жанның өлім құшуына себеп болған індеттер аз болмаған. Мысалы, әйгілі оба (чума) ауруы біздің заманымыздың 540 жылы Еуропа халқының жартысына жуығын жалмап кеткен. Грек жылнамашысы Кесарлық Прокопий індеттің күшіне мінген кезінде тек Констатинопольдің өзінде күн сайын он мың адам қаза тауып отырғанын жазып кеткен. Әртүрлі деректерде осы індеттің кесірінен шамамен 30-40 миллион адамның ажал құшқаны атап өтілген. Сондай-ақ бұл індеттің Қытай жерінде пайда болып, әлемге тарағаны айтылады.

Екінші бір қауіпті індеттің бірі – АИТВ (ВИЧ немесе СПИД). 1981 жылы пайда болған аталған індеттен бүгінге дейін қаза тапқандардың саны 35 миллионға жуықтайды. Аурудың пайда болған жері ретінде Африка құрлығы саналады. Сарапшылар бұл ауру кәдімгі зертханада адам қолымен жасалып, абайсызда тарап кеткен деген пікірде.

Тағы бір танымал індеттің бірі 1918 жылы Испанияда пайда болған – Испан тұмауы. Бұл ауру Испанияда пайда болғанымен уақыт өте әлемнің түкпір-түкпіріне тарап, 500 миллион адамға жұққаны, кей деректерде 50 миллион, кейбір деректерде 100 миллионға жуық адамның қаза тапқаны туралы жазылады.

Әлемді тітіренткен тағы бір індет – «Қара өлім» деп аталады. Бұл індет те XIV ғасырда Қытай жерінен тарап, әлемде 200 миллионға дейін адамды жалмағаны айтылады.

Тарихта бұлардан бөлек те жалпыадамзаттық деңгейде таралған және миллиондаған адамның өмірін қиған індеттер аз емес. COVID-19 індеті де тарихта осындай кеселдердің бірі болып қалатыны белгілі. Айта кетерлік мәселе, бұл аурудың емін адамзат әлі тапқан жоқ және сәйкесінше әлі қанша адамға зиян келтіретінін болжау қиын.

Індет Уханьда алғаш пайда болғанда әлем халқы бұл аурудың тек Қытайды әуреге салып, өзге елдерге тарамайтындай сезінгенін жасыра алмаймыз. Вирустың ресми дерек бойынша Ухань қаласында жануарлар мен теңіз жәндіктерін сататын базарда пайда болғаны белгілі. Ал АҚШ бастаған бірқатар батыс елдері вирустың Қытайда зертханада жасалғанын, әдейі немесе абайсызда адамдар арасында тарап кеткенін айтып, аспан асты елін кінәлауда.

Медицина мамандары вирустың өте кішкентай екенін, адамның бойында тез тарайтынын айтуда. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, ең жіңішке уколдың ұшына 100 миллион вирустың көшірмесін орналастыруға болады. Ал ауру жұқтырған адам түшкірген кезде шамамен миллиард вирусты ауаға таратып үлгереді.

Вирус пайда болған сәттен бастап лезде әлемнің түкпір-түкпіріне тарап үлгерді. Қазақстан билігі де бұл індеттің елімізге келетін уақытын болжап, аурудың алдын алу бойынша тиісті қадамдар қабылдай білді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен 2020 жылғы 16 наурыздан бастап ел көлемінде төтенше жағдай жарияланды. Осыған орай, карантин режимі енгізіліп, елді мекендер арасындағы байланыс тоқтатылды. Өндіріс орындары, сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары т.б. жабылды. Қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылып, жұмыс орындарында қызметкерлерді қашықтан еңбек ету режимі енгізілді. Күндізгі және түнгі уақытта азаматтардың себепсіз қозғалысына шектеулер қойылды. Осы қадамның арқасында індеттің халық арасында жаппай таралып кетуінің алдын алды. Төтенше жағдай режимі екі айға жуық сақталып, 11 мамырда тоқтатылды. Өйткені экономикаға қан жүгірту, жұмыссыздық, тауар тапшылығы мәселесін шешу үшін мемлекет осы қадамға баруға мәжбүр болды.

Назар аударарлық жайт, 2020 жылғы 11 мамырда Қазақстанда коронавирус инфекциясы анықталған науқастардың саны 5207 болды. Төтенше жағдай тоқтатылып, жұмыс орындары, қоғамдық қатынастар саласы қайта қалпына келе бастағаннан кейін вирустың таралу қарқыны арта түсті. Коронавирус инфекциясының Қазақстанда тіркелген күні 13 наурызда болғанын жақсы білесіздер. Бұл ретте, екі ай көлемінде ауру жұқтырғандар саны 5207 болды. Ал бүгінде, яғни маусым айының соңында төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін індет жұқтырғандар саны 22 мыңға жақындады. Бұдан бөлек симптомсыз науқастар саны 18 мыңға жуықтады. Яғни, жалпы ауру жұқтырғандар санын есептейтін болсақ 41 мыңнан асты. Бұл алғашқы екі айдағы аурулар санынан бірнеше есеге көп. Тағы бір көңіл аударарлық мәселе, симптомсыз, қажеттілік тумағандықтан еш жерде тест тапсырып тексерілмеген, өзін вирус жұқтырғандар қатарына қоспайтын азаматтардың қанша екенін ешкім тап басып айта алмайды.

Осыған қарап шектеу шаралары әлсірегеннен кейін науқастар санының күрт өскенін байқауға болады. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 29 маусымда коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі кеңесте де айтып өтті. Ол «Биылғы 11 мамырда шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өсті. Бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты болып отыр» деді. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы да Қазақстанды коронавирус індеті жедел тарап жатқан мемлекеттер қатарына қосты.

Айта кетерлік жайт, бүгінде коронавирус індеті әлемнің барлық түкпіріне тарап үлгерді. АҚШ, Бразилия, Индия, Ресей, Ұлыбритания, Испания, Италия, Мексика, Иран, Қытай сияқты елдерде науқастар саны ең көп тіркелгенімен есте қалды.

Айта кетерлік мәселе, вирус Қытайда пайда болып, тұрғындар арасында жылдам таралғанымен, мемлекет тарапынан қабылданған қатаң шектеулердің арқасында індеттің таралу қарқыны бәсеңдеді. Ал АҚШ, Ұлыбритания, Испания, Бразилия, Испания және Ресей сияқты елдерде шектеу шараларының әлсіз және кешеуілдеп қабылдануына байланысты науқастар саны артып кеткенін әлем жұрты көрді. Ал пост кеңестік елдерден Беларусь мемлекеті вирустың жалған екенін айтып, шектеу шараларымен қамтамасыз еткен жоқ. Нәтижесінде бүгінге дейін елде вирус жұқтырғандар саны 63 мыңға жуықтады. Сондықтан аурудың алдын алуға бағытталған шектеу шараларының дұрыстығына әлем жұртының көзі жетті.

Бүгінде қалаларды, елді мекендерді оқшаулау немесе елді мекендер арасындағы байланысты тоқтату саясаты өзінің оң нәтижесін береді деп айтуға келмейді. Өйткені вирус мемлекеттің барлық облысына, тіпті түкпірдегі елді мекендерге дейін жетіп үлгерді. Тұрғындары вирусты аз жұқтырған елді мекендер бойынша бұл саясатты жалғастыру тиімді болуы мүмкін. Ал ел көлемінде жаппай байланысты үзудің пайдасы аз. Оның орнына адамдар көп шоғырланатын орындардың қызметін қажет болған жағдайда тоқтату, шектеу немесе адамдар арасында әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау шараларын күшейту сияқты қадамдардың берері көп болмақ. Айта кетерлік мәселе, еліміздегі өндіріс орындарының жұмысын толық тоқтату экономикаға үлкен қиындық тудырады. Сондықтан бизнестің пандемия жағдайындағы жауапкершілігін қатаңдату арқылы жұмысын жалғастыруына мүмкіндік берілуі қажет. Бұдан бөлек, науқастарды емдейтін қосымша провизорлық орындар көптеп ашу, үлкен стадиондар мен ірі нысандарды науқастарды уақытша емдеу орындарына айналдыру, халықты дәрі-дәрмекпен жеткілікті қамтамасыз ету, адамдар арасында сауаттандыру жұмыстарын күшейту мемлекет тарапынан жасалынуы тиіс қадамдар. Сондай-ақ, қазіргі таңда қоғам белсенділері тарапынан медициналық оқу орындарының әлеуетін пайдалану туралы да ұсыныстар айтылуда. Бұл халықтың денсаулығы сынға түскен кезде негізсіз ұсыныс емес. Қазақстан Республикасының Президенті 29 маусымда өткен жиналыста тиісті құрылымдарға екі күндік мерзімде қатаң карантиндік шектеу шараларын енгізуге ұсыныс беру туралы тапсырма берді.

2020 жылғы 30 маусымда арнайы брифинг өткізген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі жағдайда вирустың таралуын тоқтатуға қатысты үш түрлі ұсыныс айтты.

Біріншісі – карантин енгізбеу. Мұндай жағдайда тамыз айының соңында күн сайын вирус жұқтырған науқастар саны 27 мың болады. 300 мың қосымша жатын орын қажет болады.

Екінші – екі апталық ұлттық локдаун (шектеу, оқшаулану шараларын) енгізу. Мұндай жағдайда күн сайын тіркелетін науқастар саны 7 мың болады және 80 мың қосымша жатын орын талап етіледі.

Үшінші – төрт апталық ұлттық локдаун енгізу. Бұл жағдайда күн сайын ауыратындар саны 2 500 шамасында болады және науқастар үшін қосымша 30 мың жатын орын қажет болады.

Жауапты құрылымдар бұл ұсыныстарды талдай келе, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан ең тиімді жолды таңдайды деп сенеміз. Жалпы, шектеу шараларын енгізу халық тарапынан да қолдау тауып отырған ұсыныс екенін айта кеткен жөн. Бастысы, бизнестің одан әрі қиындыққа тап болмау жолы барынша ойластырылуы тиіс.

Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әлі ойлап табылған жоқ. Мамандар түрлі зертханада вакцина және жаңа вирусқа қарсы емдік препараттар ойлап табуға әрекет жасауда. Бұл ретте, сарапшылар вакцина табылған күннің өзінде мұның 2021 жылдың ортасынан кейін ғана болатынын айтуда. Ал бұл уақытқа дейін жер шарындағы адамдардың көпшілігі бұл аурумен бетпе-бет келіп үлгереді. Мұның өзі оптимистік болжам деуге болады. Мысалы, ВИЧ инфекциясына қарсы вакцина ойлап табу амалы 40 жылға жуық нәтижесіз болып келеді. Сондықтан профилактика шараларының маңызы зор.

Қазақстанда шектеу шараларымен бірге профилактика және ағарту жұмыстары қатар жүргізілгенін де айта кету керек. Коронавирус инфекциясымен күрес бағытында арнайы «колл орталық» пен ресми сайттар ашылды. Алайда бұл жұмыстар әлі де жеткіліксіз болып келеді. Төменде келтірілген инфографика коронавирус инфекциясының алдын алу және одан қорғану шараларына арналған. Олардың ең бастылары айналадағы адамдармен ара қашықтықты сақтау, қолды жиі сабынмен жуу, бетперде тағу, салауатты өмір салтын ұстану т.б. деуге болады.


Соңғы жаңалықтар