Соттар меморган басшыларына айыппұл салады - Жақып Асанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы соты мемлекеттік органдарға қатысты істерді қараудың жаңа әдіс-тәсілдерін әзірледі. Соның барлығы жаңа заң жобасына енді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың айтуынша, дамыған мемлекеттерде мемлекеттік органның үстіне шағым түссе, судья арыз беруші азаматқа ашық көмектеседі. Сөйтіп, әділетке жетуге тырысады. Ал жауапқа тартылған мемлекеттік орган өзінің ұстанымын қорғап шығуы тиіс.

«Бізде олай емес. Судья арыз берушіге ашық көмектесе алмайды. Сонда қарапайым адам тұтас бір мемлекеттік органмен тартысуға мәжбүр болады. Сосын шетелде мемлекеттік орган сот шешімін орындамаса, судья ол ведомствоның басшысына айыппұл салады. Ондай заңдар ТМД-ның барлық елдерінде бар. Бірақ Қазақстанда жоқ», - деді Ж.Асанов бүгін инвестициялық және коммерциялық дауларға арналған xалықаралық семинарда. 

Бас судьяның сөзіне қарағанда, Әзербайжан мен Арменияда ондай заң қабылданғаннан кейін мемлекеттік органдардың үстінен түскен арыз-шағымдар күрт өсті. Бір-екі жылда аталған көрсеткіш төмендеді. Дегенмен, соның нәтижесінде мемлекеттік органдар өз ұстанымын өзгертті, ішкі тәртібі күшейді. Ал, ең бастысы, xалыққа қызмет көрсету сапасы жақсарды.

«Осы іспетті заң жобасын біз де әзірлеп қойдық. Қазіргі кезде жоба құзіретті мемлекеттік органдардың қарауына жіберілді. Оны тездетіп қабылдау қажет», - деп атап көрсетті Ж.Асанов.

Айта кетейік, бүгін Астанада инвестициялық және коммерциялық дауларды шешу мәселесіне арналған халықаралық семинар басталды. Отандық және шетелдік сарапшылар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының осы саладағы тәжірибесін зерделеп, оны Қазақстанда енгізу жайын қарастыруда. Сол жерде ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов артық жұмысты қысқартып, соттарға тек прокуратура арқылы ғана жүгінуді ұсынды.

 

Соңғы жаңалықтар