Сот Есентаевты 9 жылға бас бостандығынан айырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорған қаласында өтіп жатқан Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Берікжан Байжүнісов Бақытбек Есентаевқа қатысты сот үкімін жария етті.

Судья Бақытбек Есентаевқа қатаң режимдегі колонияда 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім тағайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі, Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Есентаевқа қатысты қылмыстық іс жабық режимде, алқа билердің қатысуымен өткен болатын. Өзінің көлігінде жұбайын зорлап, бірнеше жерден пышақтаған Бақытбек Есентаев бірнеше қылмыстық бап бойынша айыпталуда.

Б. Есентаев ҚР ҚК-нің 24-бап 3-бөлімі, 99-баптың 2-бөлімі 10-тармағы (зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерiмен ұштасқан адам өлтiруге оқталу) 120-баптың 1-бөлімі (зорлау) 121-баптың 1-бөлімі (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша айып тағылған еді.

Естеріңізге сала кетейік, Баян Мақсатқызы маусымның оны күні бірнеше жерден пышақталып, ауыр жарақатпен Талғар ауданындағы ауруханаға түскен болатын. Белгілі продюсер, екі баланың анасы Баян Мақсатқызын өзінің күйеуі өлтірмек болды деген күдікпен Бақытбек Есентаев ұсталып, қамауға алынды. Сондай-ақ қазіргі таңда Баян бұрынғы тегіне қайта оралған сыңайлы. Ол әлеуметтік желідегі парақшаларына Баян Мақсатқызы деген өзгеріс енгізген.


Соңғы жаңалықтар