Соңғы 15 жылда «АрселорМиттал Теміртау» зауыттарында 100-ден астам жұмысшы қаза тапқан

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өндірісті жаңғыртуға жеткілікті қаражат жұмсамайды. Бүгінгі брифингте Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өнеркәсіптік алпауыт кәсіпорындарда осы айда 5 адам қайтыс болды. Сондай-ақ, өткен жылдың қараша айында «Абай» шахтасында 6 кеншінің қазасы бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Кәсіпорындарды жаңғырту кемшіліктері туралы облыс әкімінің орынбасары және 30 жылдан астам уақыт осы компанияда жұмыс істеген Вадим Басин айтып берді.

«Дәл осы жабдықтарды ауыстыруға, жаңғыртуға, парк ресурсында өз жұмыс орындап болған жабдықты пайдаланудан шығаруға инвестиция өте аз құйылады. Соңғы 3 жылда инвестиция орта есеппен 100 миллиард теңгені құрады. Бірақ комбинаттың көлемін, оның құрамын ескере отырып, бұл жердегі зауыттарды қоса алғанда 8 шахтаның көмір департаменті және 4 кеніші бар кен департаментін ескерсек, бүгінгі проблемаларымызды шешуге бұл жеткіліксіз», - деді Вадим Басин.

Статистика бойынша, соңғы 15 жылда «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында 100-ден астам адам қаза тапқан. Тек осы айда 5 адам қайтыс болды.

Естеріңізге сала кетейік, «Құрылысмет» ЖШС аумағында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қызметкерлері қайғылы жағдайға ұшыраған болатын.

Отқа төзімді құрылысты бөлшектеу кезінде цехтың жұмыс істемейтін №9 термиялық пешінің төбесі құлады. Үйінді астында бес адам қалып қойды.

Оның төртеуі қайтыс болды, 1994 жылы туған тағы бір жұмыскер ауруханаға жеткізілді.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Металлургия комбинатындағы жазатайым оқиға фактісі бойынша «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бөлімшелерінің 2 басшысы қамауға алынды .

Қарағанды облысында жыл сайын кәсіптік аурулар салдарынан мүгедектік алған адамдар саны өсуде. Тек биылғы жылдың бірінші тоқсанында өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 3 есе өсті.

Қазір өңірде өндірістерде денсаулығын жоғалтқан 7 мыңға жуық адам бар. Оның үштен бірі жұмыс орнында жарақат алған.


Соңғы жаңалықтар