Солтүстік Қытайдың басым бөлігінде аптап ыстық орнады

Фото: None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қытайдың басым бөлігінде аптап ыстық орнады. Елдің осы аймақтарындағы қолайсыз ауа райына байланысты қызғылт сары деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі ҚХР ұлттық метеорологиялық орталығына сілтеме жасап.

Бейжің, Тяньцзинь және Хэбэй, Шаньси, Шэньси (Солтүстік Қытай) провинцияларында сейсенбі күні термометр 35 градустан жоғары көтерілді, ал Хэбэй провинциясының кейбір аудандарында +40 белгісінен асып кетті.

Қытай синоптиктері күтілетін аптап ыстыққа байланысты елдің солтүстік өңірлері тұрғындарына физикалық белсенділік пен көшеде болу уақытын азайтуды ұсынды.

Ауа райының тосын сыйын Цзянси провинциясының тұрғындары да бастан өткерді, онда өткен дүйсенбіде нөсерлі жаңбырдан кейінгі су тасқыны салдарынан ең жоғары, қызыл, қауіптілік деңгейі жарияланды. Осы провинцияның 485 мыңға жуық тұрғыны апат салдарынан зардап шекті.

Қытайда табиғи апаттар туралы төрт деңгейлі халықты ескерту жүйесі бар, ол көк, сары, қызғылт сары және қызыл.


Соңғы жаңалықтар