Солтүстік Қазақстанның 2 елдімекенінде карантин шаралары күшейтілді
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мағжан Жұмабаев ауданының Возвышенка және Қарақоға елдімекендерінде қосымша шектеу шаралары енгізілді.
Мәселен Возвышенка елді мекенінде 8 қаңтардан бері КВИ жұқтырудың 6 жағдайы тіркелген.
М.Жұмабаев ауданы бас санитар дәрігерінің қаулысына сай, Возвышенка елді мекенінде адамдардың ауылға кіріп-шығуына, оның ішінде көшеде жаяу жүруіне шектеу қойылды. Бұл шектеулердің халықтың тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлеріне, медициналық көрсеткіштер бойынша емдеу мекемелеріне баратын тұрғындарға, сондай-ақ елді мекеннің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған кәсіпорын-мекеме қызметкерлеріне қатысы жоқ.
Сондай-ақ транзиттік автокөліктер, ауыл шаруашылығы техникасы, өзге де тауар тиелген жүк көліктері еш кедергісіз жүреді.
Азық-түлік дүкендері жұмысы сағат 8.00-ден 22.00-ге дейін шектелсе, басқа сауда орындары дүйсенбі-жұма күндері сағат 8.00-ден 19.00-ге дейін ашылып, ал демалыс және мереке күндері жұмысын тоқтатады.
Тұрғындарға жақын маңдағы дүкенге, дәріханаға және жұмысқа баруға ғана рұқсат. Таңғы сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін халықтың ауыл ішінде жүруіне шектеу қойылған.
65 жастан асқандарға да далаға шығуға шектеу қойылды, оларға қажетті дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізіліп беріледі.
Ал сағат 19.00-ден кейін жасөспірімдердің ересектердің қарауынсыз көшеге шығуына тыйым салынды.
COVID-19 жұқтырғандар және олармен байланыста болғандар үй карантинін сақтауға міндеттеледі. Мұны жергілікті полиция бақылауға алады.
Возвышенка елдімекенінде карантиндік шектеулер 25 қаңтар сағат 16.00-ден бастап күшейтілді.