Солтүстік Қазақстанда соңғы үш айда коронавирустан 225 адам қайтыс болған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы үш айда 225 адам қайтыс болды. Мамандар мұны «дельта» штамымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов вирусты инфекцияның қандай да бір белгісі пайда болған жағдайда бірден мобильді топты шақыруға немесе тұрғылықты жер бойынша емханаға қаралуға кеңес береді.

Көп жағдайда ауруын асқындырып түсетін сырқаттардың негізгі қателігі – олар үйде өздігінен емделмек болған.

«Вирусты бактерияға қарсы препаратпен емдеуге болмайды. Вирус пен бактерия екеуі екі бөлек нәрсе. Яғни антибактериалды дәрі-дәрмек вирустық инфекцияға әсер етпейді. Сондықтан өздігіңізден емделемін деп, ауруды асқындырып алмаңыз. Тек қана дәрігердің кеңесін орындаңыз. Кей адамдар ауырғасын бірден дәріханаға барады. Фармацевт, өкінішке орай, сырқатқа дәріқағазсыз сұрағанының бәрін береді. Ол коммерциялық ұйым. Пайда көру үшін сату керек. Яғни көбірек дәрі-дәрмек сатуға мүдделі. Сондықтан бактерияға қарсы, вирусқа қарсы препараттарды береді. Бірақ бүгін кәдімгі вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің коронавируспен күресуге шамасы жоқ. Ешқандай нәтиже бермейді. Иммуномодуляторларды сатады, олар: энтерферон, анаферон, тағы басқалары. Олар керісінше, кері әсер етуі мүмкін. Кейін бұл сырқаттар бізге ауыр жағдайда стационарларға түседі. Мұндай сырқаттарды емдеп-жазу өте қиын. Сондықтан ауырған жағдайда бірден дәрігерлердің көмегіне жүгінген жөн», - дейді Құмар Күсемісов.

Қазіргі уақытта облыстың инфекциялық стационарларында 783 сырқат жатыр, тағы 51-інің жағдайы өте ауыр.

Бұдан басқа 265 бала дәрігерлердің бақылауына алынған. 25 бала стационарда ем алып жатыр, олардың жағдайлары орташа.

«Дельта» штамы қауіпті екенін айтып келеміз. Ол жедел дамиды. Қазіргі уақытта облыста 268 адам коронавирустан қайтыс болды.. Індет басталған 1,6 жылдың ішінде 43 адам қайтса, 225-і соңғы үш айдың ішінде көз жұмды», - дейді Құмар Күсемісов.


Соңғы жаңалықтар