Солтүстік Қазақстанда оныншы сервистік әкімдік ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында «Ашық әкімдік» фронт-кеңсесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Бескөл ауылында ашылған сервистік әкімдік – «еститін мемлекет» қағидаты бойынша өңірде жұмыс істеп жатқан оныншы фронт-кеңсе. Жыл соңына дейін барлық аудандарда «Ашық әкімдік» ашылмақ.

«Алғашқы жарты жылда жергілікті атқарушы органдарға 21,5 мыңнан астам өтініш түскен. Тұрғындар негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жерге қатысты және тұрғын үй мәселелерімен жүгінген. Тек жүзі ғана қайта өтініш жасаған. Лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігіне қатысты түсетін шағымдар 10% азайып, былтыр 112 арыз түскен.

Мемлекеттік қызметшінің негізгі міндеті – тұрғынның мәселесін екі айтқызбай шешіп беру. Алайда кей мәселені шешууге уақыт керек, мұндай жағдайда түсіндіру қажет», - дейді фронт-кеңсенің ашылуына қатысқан өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Облыста рұқсат құжаттарын беру механизмі жетілдіріліп жатыр. Бүгінде мемлекеттік органдар бұл бағытта 44 электронды қызмет көрсетеді. Бүгінде тұрғындар үйден шықпай-ақ кей рұқсат құжаттарды ала алады. Мәселен биыл осындай 9 200 қызмет көрсетілген.

«Жер қатынастары саласында бұл жұмыстар «Геопортал» ақпараттық жүйесі іске қосылысымен жеңілдемек. Бұгінде бюджеттің интерактивті картасы жұмыс істейді. Ақпараттық сервисте 437 млрд теңгенің 2 634 бюджеті жарияланған. Нәтижесінде әр тұрғын бюджеттен бөлінген қаражаттың әр тиынын қадағалай алады», - деді облыс әкімі.

Ал қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында облыстық әкімдіктің сайтында «Халықтық бақылау» порталы ашылған. Оған адамдар құрылыс, жөндеу және тағы басқа жұмыстар барысында жіберілген олқылықтар жайында фото-бейнематериалдарды жібере алады.

Бұл бағытта «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі де нәтижелі жұмыс істеуде. Мониторинг тобы кепілдік қызметтегі 69 жол учаскесінің сапасын тексерді.


Соңғы жаңалықтар