Солтүстік Қазақстанда былтыр 6 жасөспірім өзіне қол жұмсаған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Nur Otan» партиясының филиалы ұйымдастырған жиында суицидтің себептері мен кибербуллингтің салдары туралы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы СҚОФ баспасөз қызметінің мәліметінше, интернеттің кеңінен қолданылуынан жаңа проблемалар туындаған, соның ішінде әлеуметтік желілерде адамды қорлау да бар. Бұл құбылыс әсіресе жасөспірімдер арасында кең тараған және ол кибербуллинг деп аталады.

СҚО полиция департаментінің арнайы тергеу-жедел тобы аймақтағы кәмелетке толмағандар арасындағы заңға қайшы контент пен кибербуллингті анықтау мәселелерімен айналысады.

ПД бастығының орынбасары Руслан Назаровтың айтуынша, қызметкерлер күнделікті Instagram, Twitter, VK, OK, TikTok, Facebook топтары мен қоғамдастықтарына мониторинг жүргізеді.

Мақсат – балаларды олардың құқығына нұқсан келетін қол сұғушылықтан және олардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан оқшаулау және қорғау.

«2020 жылға және осы жылдың 6 айына жүргізілген интернет-сайттарға мониторинг барысында, заңға қайшы, оның ішінде порнографиялық мазмұндағы материалдарға 1725 сілтеме анықталды, оларды бұғаттау үшін «Кибер қадағалау» жүйесіне жіберілді. Оқу орындарында полиция қызметкерлері тұрақты негізде интернетте қауіпсіз қарым-қатынас тақырыбында семинарлар мен дәрістер өткізеді», - дейді «Nur Otan» партиясының СҚОФ жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында Руслан Назаров.

Көбінесе жасөспірімдер арасындағы кибербуллингтің салдары суицидпен аяқталады. Бүгінгі таңда бұл тақырып өте өзекті.

Статистикаға сәйкес, 2020 жылы СҚО аумағында кәмелетке толмағандар арасында 6 суицид және 14 өзіне-өзі қол жұмсау әрекеті тіркелді.

Осы жылдың 6 айында өңірде 1 суицид және 6 әрекет тіркелді.


Соңғы жаңалықтар