Солтүстік Қазақстанда бораннан 18 елді мекен жарықсыз қалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында боранның салдарынан 4 мыңнан астам тұрғыны бар 18 елді мекен электр қуатынсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, кешегі бораннан 9 ауданның 18 елді мекені электр қуатынсыз қалды. Салдарынан 4 мыңнан астам абонент жарықсыз отырды. Таңғы сағат 10.00 шамасында 3 елді мекенде электр желілері қалпына келтірілді. Яғни, 700-ге жуық абонентке жарық берілді. Қалғандарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қазгидрометтің» хабарлауынша, 24 ақпан күні де қар жауып, боран болады. Сол себепті көлік жүргізушілерін бүгін де жолға шықпауға шақырамыз. Жолға шығу керек болған жағдайда өздерімен бірге жылы киім, қосымша жанармай алуға кеңес береміз. Балаларды үйде қалдырыңыздар. Бірнеше күннен бері дауылды ескерту жариялап, 112 қызметі арқылы хабарлама жіберіп жатырмыз. Соны назарға алмай жолға шығатын адамдар көп. Өздеріңіздің, жолаушыларыңыздың өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тікпеңіздер», - дейді Мұрат Қанғожинов.

СҚО-да боран әзірге басылған жоқ. Сағат 12.00 кезінде 112 қызметі бұрқасын желге байланысты барлық бағыттағы жолдардың жабылғандығы жөнінде ескерту хабарламасын жіберді. Сондай-ақ бүгін ауа райының нашарлығына байланысты мектептерде 0-12 сынып оқушыларына сабақ болған жоқ.

Бұған дейін СҚО-да боранда ауыл сыртына шыққан 5 адамның адасып, жоғалып кеткенін айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар