Солтүстік Қазақстанда биыл 140 түлек «Алтын белгіге» үміткер

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 3,4 мыңға жуық түлек болса, соның 140-ы - «Алтын белгіге», 203-і - үздік аттестатқа үміткер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтың айтуынша, өңірде 74,3 мыңға жуық оқушы бар. Соның 3 387-сі - 11 сыныпты, 6 214-і – 9 сыныпты аяқтамақ.

Бұл екі сыныптың түлектері 27 мамыр мен 10 маусым аралығында мемлекеттік емтихан тапсырады. Қалған сыныптар емтиханнан босатылған.

«9 сынып оқушылары – 4, 11 сынып оқушылары – 5 емтихан тапсырады. 11 сынып түлектері биыл алғаш рет Қазақстан тарихы пәнін билет алу бойынша ауызша тапсырады. Егер де оқушы емтихан барысында нашар баға алып қалса, онда мектептің бекіткен күні қайталама қорытынды аттестациядан өтеді», - дейді басқарма басшысы.

Биыл да жазғы мектептер жұмыс істемек. Ол 26 мамыр мен 17 маусым аралығын қамтиды.

Мақсат – оқушылардың қиын тақырыптар бойынша білімін толықтыру. Сабақтар баланы жалықтырмайтын ерекше форматта – ойын, саяхат түрінде өтпек.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға түлектердің 74,3 пайызы – 2 517 түлек тілек білдірген. Бұл былтырғыдан шамамен 2 пайызға артық.

«Балалар ҰБТ күні мен уақытын өздері таңдай алады. Олардың сынақтан өтуге екі мүмкіндігі болады. Соның жоғары көрсеткішімен грант байқауына қатыса алады. Жалпы өңірде ҰБТ өтетін 2 пункт бар. Олар Петропавлда және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимкада орналасқан. Сынақтар түске дейін және түстен кейін өтеді. Биыл қаңтар айынан бастап ҰБТ тапсырушылар жүйеге кіргенде және шыққанда камера арқылы авторизациядан өтеді. Сондай-ақ пунктер «1 тест тапсырушы, 1 компьютер, 2 камера» қағидаты бойынша жұмыс істейді», - дейді Нәзір Жәшібеков.

Бұған дейін СҚО білім басқармасы соңғы қоңырау мерекесіне қатысты бірқатар талапты бекіткен еді.


Соңғы жаңалықтар