Солтүстік Қазақстанда 57 мың адам коронавирус вакцинасын салдырды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 57 144 адам салдырса, соның 20 мыңнан астамы толық вакцинациядан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір өңірде 100-ге жуық екпе пункті бар.

Олар медициналық мекемелерден бөлек адам көп шоғырланған сауда орындарында, кітапханаларда, спорт нысандарында, базарлар мен оқу орындарында да жұмыс істеп жатыр.

Бірер күн бұрын «Тайга» сауда орталығында, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында, қалалық мәдениет үйінде ашылды.

Бұдан басқа жақында үш жылжымалы екпе пункті жолға шықты.

Арнайы жарақтандырылған автобустар қаланың шеткері аудандары – Береке мен 20-ықшам ауданда және орталық саябақта орын тепкен.

«Біз орталық саябақтың қасында таңғы сағат 9.00-ден кешкі 21.00-ге дейін жұмыс істейміз. Күніне 60-қа жуық адамды қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Ашылғанымызға бір апта өтті. Осы аралықта 700-ге жуық тұрғын вакцина салдырды. Ыңғайлы, өйткені, алдын ала жазылудың қажеті жоқ. Жеке куәлікпен келсе болғаны. Қазір негізінен зейнет жасындағылар келіп салдырып жатыр», - дейді Петропавлдағы бірінші қалалық емхананың учаскелік фельдшері Маргарита Сальникова.

СҚО-да тұрғындарға үш түрлі вакцина салынып жатыр. Олар отандық QazVac, ресейлік «Спутник V» және БАӘ-нің Hayat-Vax препараттары.

Осы күнге дейін 57 144 тұрғын екпенің бірінші компонентін алса, 20 237 адам екінші компонентін ектірді.


Соңғы жаңалықтар