Солтүстік Қазақстан облысында 40 шетел азаматы елден шығарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері сот үкімімен 40 шетелдік азаматты елден шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сенсек, СҚО полицейлері шетелдік азаматтардың елімізде жүріп-тұру қағидаларына өзгерістер енгізілгенін хабарлайды.

Өзгерістер Қазақстан Республикасы аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен енгізілді.

Жол жүру құжатының, тұрақты тұруға ықтиярхаттың, ҚР визаларының, ҚР уақытша жүріп-тұруға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімі өткен немесе өтіп бара жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың 2021 жылғы 5 маусымға дейін елден шығуына рұқсат етілді.

Олар мемлекеттік шекарадан өткен кезде әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Елде алдағы уақытта жүріп-тұруға заңды негіз болмаған жағдайда шетелдіктер азаматтығы бар немесе тұрақты тұратын елге кетуі тиіс.

Елде жүріп-тұру мерзімі өтіп кеткенімен, ары қарай қалуға заңды негіз болған жағдайда уақытша тұруға немесе қажетті санаттағы визаға рұқсатты ресімдеу үшін көші-қон қызметіне жүгіну қажет.

Бұдан бөлек, отбасымен бірігу мақсатында елде болу құқығын ресімдейтін шетелдіктерге 2021 жылғы 5 маусымға дейін өз елінен соттылығының бар-жоғы туралы анықтаманы ұсыну қажет емес.

ҚР аумағында 1 жылдан астам уақыт бұрын жұмысқа келгендер бастапқы еңбек патентін және елден шықпай уақытша жүріп-тұруға рұқсатты ресімдеуі тиіс.

– Аталған шаралар шетелдіктерге рұқсат ресімдеуді жеңілдетеді және карантиндік шектеулерге байланысты көші-қон заңнамасының талаптарын орындай алмаған шетелдіктерді әкімшілік жауапкершіліктен босатады. ҚР заңнамасын бұзуға жиі жол берген немесе карантиндік шаралар мен төтенше жағдай режимі жарияланбай тұрып, елде болу мерзімдерін бұзған шетелдіктер жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік материалдар елден шығару мәселесін шешу үшін сотқа жолданатын болады. Өткен жылы облыс бойынша 40 шетелдік елден шығарылды, 226-сы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы 2020 жылы СҚО-да 8 мыңнан астам шетелдік тіркелді, – дейді СҚО полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.


Соңғы жаңалықтар