Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында құс тұмауының салдары қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарының әкімдері құс тұмауы мәселесіне қатысты есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің облыспен шекаралас орналасқан Ресейдің өңірлерінде құс тұмауы пайда болып, біраз құс қырылды. Салдарынан құс тұмауы бізге де тарады. 28 тамызда құс фабрикаларының басшыларымен шұғыл кеңес өткізіліп, онда аурудың таралуына жол бермеудің алгоритмі әзірленді. Дегенмен облыс аумағында құс тұмауы тіркеліп, 450 мың факті анықталды», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Осы орайда әкім аурудың үй құстарына таралуына жабайы құстар әсер еткенін жеткізді.

«Диагноз расталған елді мекендерде карантин режимі белгіленді, вакцинаның 873 мың дозасы бөлінді, 554 мың құсқа екпе жасалды. Құс иелеріне 66 млн теңге өтемақы төленді. Осы бағытта жұмыс жалғасады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтемақы төлеу үшін қосымша қаражат бөлу туралы өтінім жолдадық», - деді Қ. Ақсақалов

Оның айтуынша, облыста зардап шеккен құс фабрикасын қалпына келтіру жоспары әзірленді. Балапан сатып алуға қаржылай қолдау тетігі қарастырылуда.

Өз кезегінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов соңғы 17 күнде құстар арасында өлім тіркелмегенін жеткізді.

«Жеке үй ауласына арналған вакцинаның 491 мың дозасы алынды, вакциналау шаралары аяқталды. Сонымен қатар құс фабрикалары өз қаражаты есебінен 625 мың құсқа екпе жасады. Жалпы сомасы 45 млн 500 теңге құрайтын 35,3 мың құстың құнын өтеу үшін құжаттар жолданды. 2543 құс үшін 7,5 млн теңге сомасында өтемақы төленді, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», - деді А. Мұхамбетов.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров патогенді құс тұмауынан 873,9 мың құс қырылғанын мәлім етті.

Осы орайда құс тұмауы салдарынан жойылған құстардың құнын өтеу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат керек.



Соңғы жаңалықтар