Соғыста Украинада қаза тапқан қазақ сарбазының сүйегі туған ауылына жерленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған, осы күнге дейін із-түзсіз кеткен болып есептелген қазақстандық сарбаз Қайыржан Тікшекеевтің сүйегін Қазақстанға әкеледі. Жауынгердің сүйегін 2020 жылдың наурыз айында Украинада «Вертикаль» мамандандырылған іздеу бірлестігі тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қоғамдық бірлестіктің мәліметінше, қазақстандық сарбаздың сүйегі алдағы 10 күнде елге жеткізіледі. Қайыржан Тікшекеев 1916 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Майданға 1940 жылы шақырылған. Қазіргі таңда жауынгердің сүйегі Украинадағы (Киев) Қазақстан Республикасының әскери атташесіне берілді. Қазақстанға әкелінген соң немересі Марат Тікшекеевке ресми түрде табысталады. Солдатты жерлеу рәсімі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Дәуқара ауылында өтеді. Шараны ұйымдастыруға Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі көмектеседі.

«Осыған дейін төрт қазақстандық солдаттың сүйегін елге әкелдік. Қайыржан Тікшекеев бесіншісі. Біздің іздеушілер және Украинадағы іздеушілер бірлестігі үлкен жұмыс атқарды. Олар қазақстандық сарбаздың сүйегін тапты. Ал біз жауынгердің туыстарын таптық. Біз үшін Марат Тікшекеевтің қуанышына себепкер болу үлкен мәртебе. Сарбазды оның әкесі, анасы, әжесі іздеген. Араға 80 жыл салып қазақстандық жауынгерді таптық», - деді «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі басқарма төрағасының орынбасары Райгүл Мұшанова онлайн брифинг барысында.

«Атамды іздеу 80 жылға созылды. Қайыржанды оның анасы Жәмиля өмір бойы іздеді. Қайыржан оның жалғыз ұлы болатын. Соңғы хатын 1941 жылдың шілде айында алған. Одан кейін баласымен байланысы үзіліп кетті. «Хабар-ошарсыз кетті» деген қағаз алдық. Атамызды әжем іздеді, әкем іздеді. 2004 жылы әкем дүниеден өтті. Атамыз майданнан жазған 12 хатын маған аманат етіп қалдырып кетті. Ары қарай іздеуді мен жалғастыратынымды айтты. 2009 жылы ас бердік. Биыл «Украинада атаңыз табылды» деген хабарды естіген соң, қатты қуандық», - дейді жауынгердің немересі Марат Тікшекеев.

10 наурызда Киев облысының (Украина) Макаровский ауданы Боровка ауылында жүргізілген іздеу жұмысы барысында төрт сарбаздың сүйегі табылған. Соның біреуі Қайыржан Тікшекеев.

«Сарбаздың жеке тану белгісі табылды. Соның арқасында экспертиза барысында солдат туралы барлық ақпаратты білдік. Біз жауынгерді тапқан жер бауырластар зираты емес, ол егістік алқабы, қазіргі таңда ол жерде жүгері егілген. Қайыржан Тікшекеев сүйегі шұңқырдың ішінде табылды. 1941 жылы Киевті 28 атқыштар дивизиясы қорғаған. Дәл осы жерде қазақстандық солдат өзінің соңғы шайқасын өткізіп, жау оғынан қаза тапқан», - дейді «Вертикаль» мамандандырылған іздеу бірлестігінің жетекшісі Владимир Жарко.


Соңғы жаңалықтар