Соғыста қаза болған ақмолалық жауынгердің сүйегі туған жеріне жеткізілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған ақмолалық жауынгер Әзікен Нұғымановтың сүйегі туған еліне жеткізілді.

Осыған қарай Көкшетауда жауынгердің аруағына құрмет көрсетуге арналған «Ерлікке тағзым» естелік акциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жауынгердің сүйегі мен медальонын ағымдағы жылдың мамыр айында Ресейдің Тверь облысы Бельский ауданының «Ерлік» ғылыми-тарихи әскери-патриоттық орталығы» қоғамдық ұйымының іздестіру қызметкерлері тапқан. Әзікен Нұғыманов 1897 жылы туған. Соғысқа дейiн Степняк қаласында тұрған. 1942 жылдың 19-ші сәуірінде Ақмола облысы Қазақ КСР Еңбекшілдер аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылыпты.


Ақмола облысының әкімдігі мен «Атамның аманаты» ҚБ бірлесіп солдаттың сүйегін Отанға әкелу бойынша жұмыс жүргізді. Ресейлік іздеу жасағымен жасалған жазбаша келісімнің нәтижесінде отандасымыздың сүйегі Мәскеу қаласындағы Қазақстан Республикасының елшілігіне, артынша арнайы ұшақпен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді.

Осыған қарай Көкшетау қаласындағы «Даңқ» мемориалында жауынгердің аруағына құрмет көрсетуге арналған «Ерлікке тағзым» естелік акциясы өтті. Шараға аймақ басшысы Ермек Маржықпаев, Ресей Федерациясы Елшілігі, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі өкілдері мен ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері қатысты.


«Осыдан тура 79 жыл бұрын ашылған біздің тарихымыздың қайғылы парақтарының бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс, оның қалдырған зардаптары осы күнге дейін жетіп жатыр. Бүгін сол жылдары туған-туыстарын жоғалтқан әрбір қазақстандық отбасылар үшін азалы күн болып саналады. Майданға атанған 90 мың ақмолалық жауынгердің 37 мыңнан астамы ғана қайтып оралды. Оның 500-ден астамы батырлар», - деді жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы Ермек Маржықпаев.

Жауынгердің сүйегі оның кіші отаны – Біржан сал ауданында жер қойнына тапсырылатын болады.

Айта кетсек, Мұрат Молдағалиев пен оның орынбасары Райгүл Мұшанов жетекшілік ететін «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдан бері майданнан оралмай хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіру жұмыстарымен айналысады. Бүгінгі күні бұл ұйым қазақстандық 550 жауынгердің жерленген жерін анықтаған. Үш жауынгердің туыстары Будапешт, Волгоград және Санк-Петербург қалаларындағы жерленген орындарға аттанды.


Соңғы жаңалықтар