Соғысқа кеткен солдаттар: Эстониядан табылған естелік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 1941-1945 жылдардағы алапат соғыста жанқиярлық ерлігімен танылып, көптің көзіне түсіп жүрген 30 жастағы қазақ сарбазы бір күні аяқ астынан жоғалып кетті. Ізім-ғайым жоқ. Оны дивизия құрамындағылар да, командирлер де жылы естелікпен еске алатын болды, сүйтсе де бәрінің көңілінде «мүмкін бір жерден ентігіп жетіп келіп қалар» деген үміт сәулесі жоғалмады. Алыстан қарауытқан бірдеңе көрінген сайын сол үміт көңілде жылт ете түсетін.

Соғыс аяқталды, Отан үшін талай ер жанын пида етті. Өлгендер қайтып келмейді. Ал тірілері өзін асыға күткен жақын-жұрағатымен қауыша бастады. Бірақ жоғалып кеткен ер жігіттен еш хабар болмады, ол сол күйі оралмады. Адамның не өлі, не тірі екені туралы нақ хабары болмағандықтан, жақын таныстарының бәрі ол есіне түскен сайын елегізе беретін.

Арада талай жылдар зулап өте шықты. Қазір 2020 жыл. Сұм соғыста жоғалған жігіттің оралмасы анық.

Ол Павлодар облысы Галкин ауданы Шоқтал ауылында дүниеге келген Бурумбай Калимович Есембеков (құжаттағы жазу бойынша) болатын. Боранбай тегін адам емес еді. Бір жылдың ішінде екі рет «Ерлігі үшін» медалін алған қазақ сарбазы. Ал соғыста мұндай медальді бір жылда екі рет алу өте сирек кездеседі.

Боранбай Есембеков 1941 жылдың 15 тамызында Павлодар облысы Цюрупинск ауданындағы әскери комиссариатынан соғысқа шақырылған. Соғысты қатардағы жауынгер болып бастаған ол ерекше ерлігімен көзге түседі. 1943 жылдың 2 ақпан күні Волхов фронтына қарасты 314 атқыштар дивизиясындағы 1078 атқыштар полкінің қатарында 17 рет майдан даласына кіріп, екі жолдасын қару-жарағымен қосып, майдан даласынан алып шығады да бірінші рет «Ерлігі үшін» медальмен наградталады.

1943 жылдың 20 қарашасында тағы да жанқиярлық ерлік көрсеткен Боранбай Есембеков екінші мәрте «Ерлігі үшін» медалін 26 қарашадағы бұйрықпен омырауына тағады. Бұл жолы ұрыс даласындағы қарша бораған оққа қарамастан батальон командирі мен рота командирі арасындағы байланысты жалғап, штаб бастығымен рота командирі арасындағы үзіліп қалған телефон желісін түгел қалпына келтіреді. Волхов фронтына қарасты 314 атқыштар дивизиясындағы 1078 атқыштар полкінің қатардағы жауынгері Боранбай Қалымұлы осылайша өшпес ерлік танытады.

Қазақ сарбазы 1944 жылдың 22 желтоқсанында із-түзсіз жоғалып кеткен екен. Содан бері оның тағдыры белгісіз. Дегенмен, шырағы сөнбеген Б.Есембековтің артында қалған ұрпағы баршылық. Боранбай Қалымұлы туралы естеліктер де жоғалған жоқ. Сондай естеліктің бір парасы Эстон жерінде «сөйледі». Оның 44 жылдың ызғарлы желтоқсанында сол күйі ізім-ғайым жоғалған сәтінен бері әскери затқапшықтан табылған екі медаль мен ғайыптан тайып, бүлінбей қалған құжаттары осы мақаланың жазылуына себепкер болды.

Осы орайда, аталмыш деректі тауып, журналист ретінде бізге ұсынған ҚР Эстониядағы Елшілігі мен Төтенше және Өкілетті Елші Нұрлан Мұсатайұлына, сосын затқапшықты тапқан іздестіру тобы мен оның жетекшісіне де алғыс айтқымыз келеді. Алдағы уақытта арнайы сұхбат құрып, материалды толықтырарымыз анық.



Соңғы жаңалықтар