Соғыс ардагері, ҚазТАГ қаламгері Бисұлтан Аманғалиевтің өмірі - ұрпаққа өнеге

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске - 75 жыл. Сонымен бірге «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің құрылғанына да биыл 100 жыл толып отыр. Бір ғасырлық тарихында агенттіктің атауы бірнеше рет өзгерді: 1920 жылы РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі, кейіннен ҚазРОСТА, ҚазТАГ, ҚазААГ және «ҚазАқпарат» ХАА болды.

Өткен тарихты зерделей келсек, ҚазТАГ–та нағыз кәсіби мамандар, қажырлы қаламгерлер қызмет еткенін аңғарар едік. Өйткені, беделі биік мекеменің қазақ редакциясына ең бірінші кезекте екі тілде де жаза білетіндер, жатық аудармашылар, білікті ұйымдастырушылар қабылданды. Бүкіл республикалық ақпарат құралдарына хабар тарататындықтан, дәл осы мекеменің аудармашыларына да үлкен жауапкершілік жүктелді. Солардың бірі, ҚазТАГ-та қырық жылға жуық қызмет еткен соғыс және еңбек ардагері Бисұлтан Аманғалиев.

Ардагер, белгілі журналист, жазушы Бисұлтан Аманғалиев ҚазТАГ аударма кеңсесінде 1954 жылдан 1990 жылға дейін жұмыс істеді. Ол КСРО Журналистер одағының мүшесі болды. ҚазТАГ-қа дейін Бисұлтан Аманғалиев «Қазақстан пионері» және «Социалистік Қазақстан» газеттерінде журналистік қаламын ұштады. Еңбек жолын аудармашы болудан бастаған ол, аударма бөлімінің редакторы, бас редактордың орынбасары, республикалық, бүкілодақтық және шетелдік ақпарат редакциясын басқарды.


«ТАСС филиалында материалдар кіл орыс тілінде жазылды. Сондықтан, аударма жұмысы, әсіресе терминология мәселелері ерекше назарда болды. Аудармашылардың ерекшелігі, олардың барлығы ілеспе аударманы жақсы меңгерген. Қанша жерден мықты маман болсаң да, мағынасын жоғалтпай, дұрыс аудара алмасаң бекершілік. Агенттікте аудармашы болу оңай емес. Себебі, телетайп арқылы алынған мәтіндердің жедел аударылуы мен берілуін үнемі қамтамасыз ету қажет болды. Аударманың қиындықтарын осы салада жұмыс істеген адам жақсы түсінеді «, - деді Бисұлтан Аманғалиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.


Ардагердің айтуынша, адамды аудармашы қызметіне жұмысқа қабылдаған кезде оның білім деңгейіне, біліктілігіне, танымдылығына, өзіне жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарауына, нақтылық, ұқыптылық сияқты қасиеттеріне көбірек назар аударылған.

Ардагердің қызы Гауһар Бисұлтанқызы әкесінің өмірінен бір оқиғаны есіне түсіріп, айтып берген еді. Оның сөзіне қарағанда, Бисұлтан аға да мектепте оқып жүргенде–ақ, интеллектуалдық қабілетімен, зеректілігімен көзге түсіп, мектеп басшылығының алғыс хаттарына ие болған екен. Оны өзі де кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде әңгімелеп келеді. «Әкемнің өміріндегі алғашқы ұмытылмас ерекше оқиғасы мектеп жасында болған екен. Соны ұдайы айтып отыратын. Оны озат оқушы ретінде 1938 жылдың жазында Мәскеуге экскурсияға жіберген. Әкемнің естеліктері таң қалдырады. Ойлаңызшы 5-сынып оқушысы мұндай қуанышты қалай қабылдады. Мәскеу өзінің ауқымымен, мұражайлармен, метросымен, хайуанаттар бағымен таң қалдырыпты әкемді. Бұл нағыз тәрбие мектебі болатын»,– дейді Гауһар Бисұлтанқызы.


Мәскеуге бала кезде оқушы болып барған Бисұлтан Аманғалиев кейіннен, ҚазТАГ-тың белді қызметкері ретінде де талай жолы түскен. Өйткені, республиканың құзырлы орындары және елдегі әртүрлі мекемелер ресми жиындарда тәржіма жасауға ҚазТАГ-тың аудармашыларына ғана сенім артып, шақыртатын. Ол ҚазТАГ-тың майталман маманы, еліміздегі білікті аудармашы ретінде арнайы алдырылып КСРО Жоғарғы Кеңесі сессияларында стенографиялық ілеспе аударма жасау үшін бірнеше рет Мәскеуде де болған. Әсіресе, 1969 жылы Мәскеудегі Кремльдің Съездер сарайында ІІІ-Бүкілодақтық колхозшылар съезінде тікелей ілеспе аударма жасағанын әлі де ұмытпайды.

Екінші дүниежүзілік соғыс Бисұлтан Аманғалиев Жамбыл (қазіргі Тараз) педагогикалық училищесінде оқып жүргенде басталды. Ол 1943 жылдың ақпанында 18 жасқа толар толмастан Кеңес Армиясы қатарына шақырылды. Оқуын да бітіріп үлгермеді.

Ол әскери қызметін Ашхабадтағы жаяу – әскерлер училищесінде бастады. 40 градус ыстықта шынығып, Сібірдің суығы -40 градусқа жететін өңіріне ауысты. Түмендегі № 14 әскери–автоматшылар мектебінде оқыды. Сосын әскери қолбасшылықтың шешімімен әрі қарай әскери дайындықтан өту үшін Оралдағы танк мектебіне жіберілді. Сол жерден танкист, мұнара атқыш атағын алды.

Оқуды тәмамдағаннан кейін ол 228-ші танк батальонының, 52 гвардиялық бригадасының, 3-ші танк армиясының құрамында Украина майданына қатысты.У краинаның Шепетовка стансасынан бастау алған соғыс сапары Германияның жүрегі - Берлинге дейін жалғасты.

«Әкем майданда жарақаттар алды. Украинада Тернополь қаласы азат етілгенде, ол қатты жараланып, екі көзінің көру қабілетін жоғалта жаздады. Кеңес әскерилері Польшаны босатып, фашистік күштер өздерінің операцияларын Батыс Украинаның қарамағына берді. Тернополь қаласын азат ету үшін шайқас қатты болыпты. Жаудың снарядтары Бисұлтан Аманғалиевтің танкісін тесіп өтіп, экипаж командирі қаза тапты. Көзінен жарақат алған Бисұлтан Аманғалиев люк арқылы сыртқа секірді. Артынан радист те шықты. Оларды санитарлар тауып алып, аман алып қалды. Кейіннен Украинаның Житомир, Каменск-Подольск қалаларындағы әскери госпитальда алты айға жуық емделген»,– дейді майдангердің қызы.

Житомир қаласында өткен алты айлық емдеуден кейін госпиталь басшылығы Бисұлтан ағаны үйіне жіберуге шешім қабылдады. Бұл Бисұлтан ағаның көңіліне қаяу түсірген екен. Содан кейін, адам сенгісіз оқиға орын алады. Госпитальға майдан даласынан майор келеді. Ол профессордан Бисұлтаның денсаулығы мен жарақаты туралы сұраған екен. Сосын жас сарбаздың танкист болғанын естіп, оған бір қадам алға шығуға бұйрық береді. «Танкистер радио байланысын білуі керек қой. Сондықтан да үйге бармай, әскерде қызметті жалғастыруға шақырамын» деп бұйырады майор. Бисұлтан Аманғалиев әскери училищелерде оқып жүргенде Морзе сабақтарын оқып, рациямен жұмыс істеп көрген. Осылайша, ол денсаулығы тәуір болған бірнеше жауынгермен бірге әскерде қызмет етуді жалғастырды.

Жартылай соқыр солдаттың әскери өмірінің екінші кезеңі да осылай басталды. Морзе радисттің оқуы бір айға созылды. Бұрынғы танкист мұқият дайындықтан кейін Совет Одағының Маршалы А. Новиковтың басқаруымен 30-шы аймақтық авиабазаның екінші әуе армиясының 355-ші батальонының морзисті болды.

Бисұлтан Аманғалиев Украина, Польша, Чехословакия, Венгрияны азат етуге қатысты. Әскердің барлық үш саласында қызмет етті. Ол Қазақстанға 1945 жылдың қарашасында ғана оралды.


Бисұлтан Аманғалиев соғыс және бейбіт уақыттағы «Құрмет» орденімен, Халықтар достығы, Қызыл Жұлдыз, Жеңіс ордендерімен марапатталған. 20-дан астам медальдің иесі. Ардагер қаламгер 1925 жылы 24 желтоқсанда қазіргі Батыс Қазақстан облысыны, Казталов ауданында дүниеге келген. 8 баладан тараған немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр. Қарт майдангер тұратын үйдің қабырғасына мемориал тақтасы орнатылды

«Біз үшін Екінші дүниежүзілік соғыс - мәңгілік тарих. Ол біздің аталарымыздың қанымен жазылған естеліктер. Жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Өйткені олар адам айтса сенгісіз күндерді басынан өткерді. Аш та, жалаңаш та жүріп, қан майдандағы небір сұрапыл оқиғалардың басы-қасында болды. Олардың ішінде менің әкем де бар. Әкем 95 жаста. Жасына сай күш-қуаты бойында. Оның өмірге деген құштарлығы зор» – дейді ардагердің қызы.



Соңғы жаңалықтар