Смартфонға Anydesk бағдарламасын жүктемеңіздер - Алматы полициясы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы полициясы тұрғындарды смартфонға Anydesk бағдарламасын жүктемеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық полиция департментінің мәліметінше, соңғы уақытта Алматы қаласының аумағында интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтық фактілері жиілеп кетті.

Сонымен қатар, қаскөйлер әртүрлі қылмыстық тізбектер бойынша әрекет етеді, әдетте, әлеуметтік желілерді, «Ватсапп», «Телеграм» мессенджерлерін және тұрақты телефон байланысын пайдаланады.

«Тәжірибе көрсеткендей, кез келген адам алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін. Әсіресе, егде жастағылар жиі алданып қалады. Айта кету керек, мұндай қылмыстарды тергеген кезде тергеу органдары Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге ақша аудару сияқты мәселелерге тап болады, қаскөйлер бір реттік ұялы телефондар мен абоненттік нөмірлерді пайдаланады, ал мұндай қылмыстарды ашу үшін орасан зор күш салуды талап етеді. Тәжірибеде жиі кездесетін мысалдарды келтірейік», - деді, Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Біріншіден, алаяқ өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде жалған атпен әлеуетті жәбірленушінің ұялы телефонына қоңырау шалып, сол арқылы сенімге ие болуға тырысады.

Әдетте, сөйлеу мәнері өте сыпайы. Содан кейін ол жаңа ғана белгісіз біреулер төлем картасын рұқсатсыз бұзып, одан ақшаны шешіп алмақ болғанын немесе күдікті әрекеттің анықталып, біреудің несие алмақ болып жатқанын хабарлайды.

Сосын нұсқауларды орындауды және СМС кодты хабарлауды талап етеді.

Көрсетілген СМС сандар түріндегі кодтар арқылы жәбірленушінің картасынан басқа карталарға ақша аударады.

Тәжірибе көрсеткендей, ақша көбіне Ресей Федерациясына немесе көрші елдерге аударылады.

Екіншіден, олар өздерінің қылмыстық әрекеттерін жасау үшін жеке пайдалануға арналған тегін бағдарлама - ANYDESK бағдарламасын пайдаланды.

Дегенмен, бағдарлама қазіргі уақытта қылмыстық мақсаттарда жиі пайдаланылады, атап айтқанда, кез келген сылтаумен алаяқ ұялы телефонға мобильді қосымшаны орнатуға мәжбүрлейді.

Содан кейін телефонға толық қол жеткізе отырып, олар өздерінің алаяқтық әрекеттерін жасайды ( қаражатты шешіп алу, несие рәсімдеу және т.б.).

Үшіншіден, интернет-алаяқтықтың тағы бір кең тараған түрі «OLX», «Колеса.кз», «Инстаграм» және басқа сайттарда орналастырылған тауарларды сату және қызметтерді көрсету туралы жарнамаға байланысты.

«Мысалы, бұл сайттарда тауарды, автокөліктің қосалқы бөлшектерін сату немесе қызмет көрсету туралы хабарландырулар орналастырылған. Сонымен қатар, аляқтар өнім немесе қызмет үшін толық төлемді немесе оның бір бөлігін талап етеді. Картаға қаражатты алғаннан кейін байланысқа шықпайды. Оның үстіне қылмыскерлер әлеуетті құрбанды алаяқтық ниеті бар деп айыптай отырып, өз деректерін (жеке куәліктің суретін, төлем картасының суретін) жіберуді жиі сұрайды»,-дейді полиция өкілі.

Төртіншіден, Қазақстан Республикасының аумағында, соның ішінде Алматы қаласында «Онлайн Несие» сияқты қызмет көрсететін шағын несие ұйымдарының әртүрлі түрлері бар.

Несие алу үшін ұйымның сайты шағын несие алғысы келетін тұлғаның жеке куәлігінің суретін қоса отырып, жеке және баптау деректері толтырылады.

Егер сіздің жеке куәлігіңіздің суреті болса, мұны да алаяқтар оңай пайдалана алады.

Болашақта ақшаны қайтару мерзімі аяқталғаннан кейін коллекторлық қызметтер сізді іздей бастайды.

Осыған байланысты полиция тұрғындарға бірнеше кеңес ұсынды:

- Ешбір жағдайда ұялы телефоныңызға банк жіберген СМС код, сондай-ақ, CVV кодын (картаның артқы жағындағы 3 таңбалы код), телефон арқылы профиліңіз бен баптау деректеріңізді ешкімге айтпаңыз.

- Ешбір жағдайда Anydesk бағдарламасын жүктеп алмаңыз, өйткені сіз алаяқтарға ұялы телефоныңызға рұқсат бересіз.

- Тауарды сатып алу немесе қызметтерді алу кезінде қажетсіз тәуекелге бармаңыз, сатушыны және өнімнің өзін көруге тырысыңыз және оның қауіпсіз екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана төлем жасаңыз.

- Ешбір жағдайда төлем карталары мен жеке басын куәландыратын құжаттардың суреттерін жібермеңіз.

- Банктік қызметтерге қатысты сұрақтар бойынша нөмірлері жалпыға қолжетімді, оның ішінде ресми сайттарда жарияланған банктердің CALL-орталықтарына тікелей хабарласыңыз.

- Отбасыңыз бен достарыңызға интернет алаяқтарының құрбаны болу қаупі туралы ескертіңіз.

- Осыған ұқсас жағдайларға тап болсаңыз, «102» пультіне немесе жақын жердегі полиция бөліміне хабарласыңыз.


Соңғы жаңалықтар