СҚО жәрмеңкесі: Елордалықтарға азық-түлік нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзанға сатылуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Павлодар өңірімен қатар Солтүстік Қазақстаннан жеткен сауда керуені елордалықтарға ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағамен ұсынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстанның сүт өнімдері мен балы, еті мен көкөнісін алып жатқандар көп. Аймақтық жәрмеңкелерді түйіндегелі отырған өңір елордалықтарға осының бәрін арзан бағамен беріп жатыр.

«Астанаға азық-түлігімізді тиеп, шаруаларымызды жұмылдырып жылда келеміз. Бүгін азық-түлік өнімдерінің ауқымды ассортиментімен жеттік. 500 тоннаға жуық көкөніс, картоп, сәбіз, орамжапырақ әкелдік. Өзіңіз бақылап көрсеңіздер өнімдеріміздің бәрі де арзанға берілуде. Одан бөлек сиыр, жылқы, қой еттері де жеткізілді. Сиыр еті орташа есеппен 1700 теңгеден сатылуда. Өңірімізде Қазақстанның брендті компанияларының бірі саналатын «Зенченко» компаниясы бар. Осы жолы аталмыш компания өнімін нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзанға ұсынып отыр», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшинов.


Басқарма басшысы әкелінген өнімдер екі күннің ішінде өтіп кететініне сенімді. Қазір халық ең алдымен сүт пен ет өнімдерін таласа-тармаса алып жатыр.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 29 түрі бойынша әрдайым мониторинг жүргізіліп отыратыны белгілі. Солардың 24 түрі біздің өңірде өндіріледі. Мәселен Солтүстік Қазақстанда сүт өнімдері өңір қажеттігінен 20 есе артық – жылына 560 мың тонна шығарылады. Ет те үш есе артық өндіріледі», - дейді ол.

Жәрмеңке барысында сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Гүлмира Ермолдина биыл 12 өңір астанада жәрмеңке өткізгенін айтады. Сол жәрмеңкелердің барысында 400 мың тонна өнім сатылған.

«Жәрмеңкелердегі өнімге деген халықтың сұранысы жақсы», - дейді ол.



Соңғы жаңалықтар