СҚО тұрғыны жолдың сапасыздығына Жемқорлыққа қарсы қызметке арызданды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат –Жарты миллиард теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген автожолдың сапасына көңілі толмаған Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке арызданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының мәліметінше, тұрғынның шағымы негізінде «Новоникольское-Андреевка-Бостандық-Новомихайловка» тасжолының сапасына мониторинг жасалды. Оған департамент қызметкерлерімен бірге облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Жол активтерінің ұлттық орталығы қатысты.

Мониторинг барысында бірқатар талаптардың бұзылғандығы анықталды.

«Жол активтерінің ұлттық орталығы асфальттан үш сынама алып, зерттеді. Оның біреуі жол регламенті стандарттарына сәйкес келмеді. Асфальтты қабаттың биіктігі 4 см ғана. Бұл - белгіленген нормадан төмен. Сондай-ақ жол үстіндегі асфальттың жарылғаны анықталды», - делінген хабарламада.

Жолдың бұл учаскесіне орташа жөндеу жұмыстарын «Норд Жолдары» ЖШС 2017 жылы жүргізген екен. Кепілдеме уақыты әлі бітпеген.

Ұлттық орталық инженерінің айтуынша, мониторинг қорытындысы бойынша акті жасалып, олқылықтарды жою үшін мердігерге жіберілді. Ал сынамалар бойынша қорытынды сараптаманың нәтижесінен кейін белгілі болады.

Соңғы жаңалықтар