СҚО тұрғыны 14,5 келі есірткімен ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 14,5 келі марихуананы көлігіне салып тасымалдаған ауыл тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне есірткі саудагеріне қатысты жедел ақпарат түскен.

Петропавл маңындағы ауылдардың бірінің 57 жастағы тұрғынын ұстау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары қолға алынды. Нәтижесінде ақпарат расталды. Ер адам Астана және Бөкетов көшелерінің қиылысында ұсталды. Қызметтік-іздестіру иттерін пайдаланған полицейлер Volkswagen автокөлігінің салонынан скотчпен оралған, үш полиэтилен пакет салынған қапты тапты. Ішіндегі өсімдік тектес заттың, сот-химиялық сараптама, 14 кг 540 грамм кептірілген марихуана екендігін көрсетті.

Аталған дерек «Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұсталған күдікті қамауға алынды, тергеу жүргізіліп жатыр.

Ер адам бұрын есірткі сатқаны үшін екі рет сотталған. Соңғы рет аса ірі мөлшерде есiрткi сатқаны үшін 2008 жылы сотталған. Колониядан 2018 жылы босап шыққан.

СҚО-да былтыр заңсыз айналымнан 462 кг астам түрлі есірткі заттары алынды.

Соңғы жаңалықтар