СҚО тұрғындарының 90 пайызы халық санағынан өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындарының 33%-ы халық санағын онлайнда, 56 %-ы оффлайнда өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО-дағы халық санағының аралық қорытындысы жарияланды. ҚР Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің басшысы Марал Нұржауыпованың айтуынша, өңір тұрғындарының 90%-ға жуығы халық санағынан өтті. Кей аудандарда науқан аяқталуға жақын.

«Тұтастай алғанда облыс тұрғындары интервьюерлерді жақсы қабылдайды, сауалнама сұрақтарына жауап береді. Бірақ, өкінішке орай, кей адамдар «Халыққа қызмет көрсету орталығында барлық ақпарат бар» деп, есік ашудан, сұраққа жауап беруден бас тартады. Мемлекеттік органдардағы әр адам бойынша ақпарат құпия, оны басқалар алып пайдалана алмайды. Сондай-ақ ешқандай ақпараттық жүйеде азаматтардың діни ұстанымы, тілдерді білуі, коммуникациялармен қамтамасыз етілуі туралы деректер көрсетілмеген», - дейді Марал Нұржауыпова.

Маманның айтуынша, санақ өткізу әдістемесіне сәйкес интервьюерлер үй-үйді 8 қарашаға дейін араламақ. Кей тұрғындар үйінде болмағандықтан, 3-4 реттен баруға тура келеді екен.

«Бастапқы кезеңде бізде қиындықтар болды, санақ жүргізетін адамдардың жетіспеушілігінен. Петропавл бойынша пул 500 адам болса, қазір 225 адам. Оқыту барысында 100-ден астам адамнан айырылдық. Біреуіне еңбекақы мөлшері ұнамады, шынында да ол үлкен емес – бір адамды санақтан өткізу 103 теңге тұрады. Енді бірі планшетпен жұмыс істеуді білмеді, себептері көп. Кей тұрғындар есік ашпай, мәселе туындаған кезде интервьюелеріміз кетіп қалды. Сондықтан жергілікті атқарушы биліктен көмек сұрауға мәжбүр болдық. Бізге келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндерді – мұғалімдерді, спорт мектептерінің қызметкерлерін ұсынды. Олар халықты санақтан тегін өткізбейді, сол үшін еңбекақы алады. 170 студентті тартамыз деп жоспарлаған едік, алайда оқу процесіне байланысты қазір 40 студент қана еңбек етіп жүр», - дейді департамент басшысы.


Соңғы жаңалықтар