СҚО термовагондарына Ресейден сұраныс жоғары

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл ауыр машина жасау зауыты тез бұзылатын тауарды тасымалдайтын вагондарды сынақтан өткізіп, тапсырыс қабылдап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыт термовагон өндірісін бастады. Жергілікті кәсіпорында құрастырылған тез бұзылатын тауарды тасымалдайтын вагон сынақтан өтіп, енді толық өндіріске әзір. Желіні іске қосу мақсатында цехқа 50 жұмысшы алынды. Болашақта олардың саны 150-ге дейін жетпек. Термовагондарға бүгінде сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде Ресейден алғашқы тапсырыстар түсіп жатыр.

«Петропавл ауыр машина жасау зауыты» кешенді даму жоспарының аясында заманауи қондырғылар сатып алып жатыр. Кәсіпорын 39 станок алмақ, оның 22-сі қойылды. Барлық процесс компьютермен басқарылады. Бұл жаңа өнім түрлерін көбейтуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жаңа өндіріспен танысты.

«Былтыр зауыт 3,4 млрд тг өнім шығарды. Биыл өндіріс көлемі 9,4 млрд теңгеге жетпек. Өсім 2,5 есе болады», - деді өңір басшысы.

Бұған дейін «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ мен «CОLL INFINITY» ЖШС ынтымақтастығы нәтижесінде тез бұзылатын азық-түлік өнімдерін тасымалдауға арналған термовагондарды шығару жобасының қолға алынғанын айтқан едік.

Соңғы жаңалықтар