СҚО шетелден асыл тұқымды 4,5 мың ірі қара сатып алады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының фермалары мал басын асылдандырып жатыр. Биыл өңірге жеткізілуі тиіс 4,5 мың бастың 3,5 мыңы шаруалардың қолына тиген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылжар ауданындағы Новоникольское елді мекеніне Германиядан голштин тұқымды 160 ірі қара мал әкелінді. Бұл шетелден жеткізілуі тиіс түліктің алғашқы партиясы. Сүтті сиырға фермерлер арасында сұраныс жоғары. Сол себепті жергілікті шаруалар да жолдың шалғайлығына қарамастан, оны көптеп әкеліп жатыр. «Зенченко и К» командиттік серіктестігі сиырларды сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында сатып алды. Бұл бағдарлама ұзақ мерзімге шақталған. Мақсаты - сүт өнімдерінің импортын алмастыру.

Голштин сиыры тәулігіне 50-60 литр сүт береді. Тек күтімі жақсы болуы қажет. Мамандардың сөзіне қарағанда, бұл тұқым солтүстіктің климатына тез жерсінеді.

«Қызылжар ауданы бойынша жылдың аяғына дейін шетелден 1300 мал жеткізіледі. Қазір әкелген сиырларды 21 күндік карантинге қоямыз. Аса қауіпті ауруларды алдын алу үшін осылайша уақытша оқшаулаймыз. Әкелінген әр сиыр үшін шаруашылық 337 мың теңгеден субсидия алады. Голштинді 2008 жылы «Зенченко и К» командиттік серіктестігі Канададан әкеле бастаған. Бұл малдың өнімділігі, сүт беруі өте жоғары», - дейді Қызылжар аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Сырғабек Байжанов.

Қазір «Зенченко и К» шаруашылығында 3,5 мыңға жуық ірі қара мал бар. Олар күніне 70 тонна сүт береді.Жыл соңына дейін голштин тұқымды тағы 440 сиыр қосылады.

СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, биыл ірі қара мал саны 1,7% ұлғайып, 367 мыңға жетті. Оның 198 мыңы - сүтті сиыр. «Сыбаға», «Ырыс» және сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары арқылы ағымдағы жылы өңірге 4,5 мың бас асыл тұқымды қара мал сатып алынуы тиіс болса, бүгінге дейін оның 3,5 мыңы жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар