СҚО полициясында 18 ұлттың өкілі қызмет етеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы полиция департаментінде Алғыс айту күніне орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция ведомствосында 18 ұлттың өкілі жұмыс істейді. Олар негізінен кезінде туған жерлерінен күшпен қоныс аударылғандардың ұрпақтары.

Алғыс айту күніне орай полиция департаменті ұйымдастырған мерекелік іс-шараға келгендердің бірі – Садық Аллахверанов. Оның ұлты – әзербайжан. Садықтың ұлы Эльдар – полиция қызметкері.

«Атам молда болған. Оның бар дүние-мүлкін тәркілеп, Қазақстанға бес баласымен жер аударды. Басында елге келгенде жеркепеде тұрды. Қазақтар олармен барымен бөлісіп, көмектесті. Балаларын қыстан ауырмай-сырқамай аман шығуы үшін өздеріне алды. Ал көктемде жер аударылғандар үй сала бастады. Менің әке-шешем осы Қазақстанда танысып, отбасын құрды», - дейді Садық Аллахверанов.

Эльдар Аллахверанов – әкесінің мақтанышы. Ол Қызылжар ауданы Соколовка елді мекеніндегі полиция бекетін басқарады. Полицияның бұл бөлімшесі нағыз интернационал ұжым – қазақ, әзербайжан, шешен, неміс және орыс бірге еңбек етсе, өткен аптада олардың қатарына татар жігіті қосылды.

«Алғыс айту күні – қазақстандықтардың бір-біріне мейірімділік көрсетіп, бірлігін паш ететін мереке. Біздің департаментте де бір шаңырақтың баласындай 18 ұлттың өкілі келісім мен ынтымақта қоян-қолтық жұмыс істейді. Бұл мерекенің, әсіресе жастар үшін тәрбиелік маңызы зор», - деді СҚО Полиция департаментінің басшысы Марат Төлебаев.

Бұл күні полиция ведомствосының қонақтары белсенді өзара әрекеттестік, жас қызметкерлерді тәрбиелеудегі көмек және ұлтаралық қатынастарды нығайтуда қосқан үлестері үшін алғыс хаттармен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар