СҚО полицейлері мас күйде рульге отырған 111 жүргізушіні анықтады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан мас күйде көлікке отырған жүргізушілердің кінәсінен бір адам қаза болып, тағы біреуі жарақаттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мас күйде рульге отырудың салдарынан тағы алты жағдайда денсаулыққа зиян және материалдық шығын келді.

Петропавл қаласының 1986 жылы туған тұрғыны 14 наурыз күні «Subary Legacy» автомашинасымен қаладағы орталық көшелердің біріндегі шамға зақым келтірді. Медициналық куәландыру кезінде оның алкогольдік ішімдік ішкені анықталды. Үш күн өткен соң Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік соты оны 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға шешім қабылдады. Бұдан бөлек ол алдағы 7 жыл рульге отыра алмайды.

«Басқару құқығынан енді 7 жылдан 9 жылға дейін айырылады. Бұдан басқа құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай 15 тәуліктен 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Жаза баламасыз, яғни жауапкершіліктің басқа түрлеріне алмастырылмайды», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Оспанов.

Жыл басынан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша 111 хаттама, оның 48-і Петропавлда толтырылды. Полицейлер 104 факті бойынша материалдарды сотқа жолдады.


Соңғы жаңалықтар