СҚО полицейі жолда қалған шетелдіктерді өз үйінде қонақ етті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері көлігі сынып жолда қалған Ресей және Түркия азаматтарына көмектесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Ақмола облысының Көкшетау қаласынан Ресейдің Омбы қаласына бет алған жолаушылар автобусы таңғы сағат 4.00 шамасында СҚО-ның Уәлиханов ауданында сынып қалған. Автобуста Ресей Федерациясының 12 жолаушысы мен екі жүргізуші болған. Аудан орталығынан 40 шақырым жердегі Ақтүйесай ауылының маңында тұрған жолаушылар көлігі жайлы жергілікті тұрғындар аудандық полиция бөліміне хабарлаған. Көмекке бөлім бастығы Марат Әлжанов, учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері келіп, барлық жолаушыларды шекара бақылау пунктіне жеткізді. Ресейліктер сол жерден Омбы қаласынан келген көлікке мініп, үйлеріне аман-есен жетті.

Анықталғандай, көліктің су насосы істен шыққан. Оны ауыстыру үшін полицейлер автобусты жылы боксқа сүйреп апарған. Аталып өткендей, мұндай құтқару операцияларына жергілікті тұрғындар мен құтқарушылар белсенді қатысады.

Сондай-ақ Тайынша ауданындағы Виноградовка аулының маңында «МАN» маркалы жүк көлігі тұрып қалған. Көлік Түркия азаматтарына тиесілі. Машинаның жанар-жағар май жүйесі істен шыққан. Мироновское ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Талғат Бейсенбаев жолда қалған жүргізушілерді өз үйіне алып барған. Ал әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы Азамат Оралов машинаны сүйреп, аудан орталығына жеткізген. «Шетелдіктерге аудан тұрғындары да қолдарынан келгенше көмектесіп, жолға шығарып салды», - деді Полиция департаментінен.

Соңғы жаңалықтар