СҚО-ның жаңа туристік логотипі бекітілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының 85 жылдық мерейтойы қарсаңында өңірдің жаңа туристік логотипі пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шілде айының соңында Солтүстік Қазақстан облысының 85 жылдық мерейтойы атап өтіледі. 1936 жылы құрылған облысты ең бірінші болып Максим Аммосов деген азамат басқарған екен. Ғасырға жуық уақыт ішінде өңір танымастай өзгерді, берекелі, қонақжай мекенге айналды. Енді өңірдің ерекшелігін ашатын айшықты белгісі бар.

«Жылқы басы бейнеленген логотип арқылы біз өңіріміздің байлығын, сұлу табиғатын, бай тарихын көрсеттік. Жылқыны алуымыздың себебі – жылқы осы өңірде алғаш рет қолға үйретілген, ол ғылыми дәлелденді. Әр түстің өзіндік айтар ойы бар. Жасыл жалы – өңірдің жасыл желекке оранғанын, қызылдан сарыға қарай берілген түс – күн батып бара жатқандағы бидайы піскен егін алқабын, одан кейінгі көк түс – өңірдің өзен-көлдерге бай екенін көрсетеді», - дейді логотип авторларының бірі Александр Шингуров.

Жаңа туристік логотип жарияланбас бұрын СҚО-да 1-15 шілде аралығында арнайы байқау ұйымдастырылды. Александр Шингуров еңбек ететін дизайнерлік компанияның жұмысы үздік деп танылып, бекітілді.

«Байқау негізінен дизайнерлер арасында өтті. Республиканың және басқа елдердің суретшілеріне де мүмкіндік бердік. Кеше нәтижесін шығарып, үздік жобаны таңдадық», - дейді СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдіриісов.

Жаңа логотип облыс орталығының кіреберісіне, қала көшелеріне, автобустар мен ғимараттарға салынбақ.


Соңғы жаңалықтар