СҚО-ның Тайынша ауданындағы кен-байыту комбинатында төбелес болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы «Обуховский кен-байыты комбинаты» ЖШС аумағындағы төбелеске байланысты екі адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 маусымда Тайынша аудандық полиция бөліміне «Обуховский КБК» ЖШС аумағына көлікпен 30 шақты адамның келгендігі жөнінде хабар түседі. Кен-байыту комбинатының аумағына бірден жедел-тергеу тобы жіберілді. Тәртіп сақшылары Қарағандыдағы «Тиолайн» ЖШС-ның жеті құрылтайшысының екеуінің өздерімен бірге күзет агенттіктерінің өкілдерін әкелгендігін анықтады.

Қарағандыдан келгендер күзетілетін аумаққа кірмек болған. Салдарынан күзет агенттігі қызметкерлері мен кәсіпорын қызметкерлері арасында қақтығыс туып, 10 адам түрлі жарақат алды. Оларға Тайынша ауданындағы және Ақмола облысындағы емдеу мекемелерінде медициналық көмек көрсетілді.

Бұл факті «Бұзақылық» бабы және күзет агенттіктерінің өкілеттікті асыра қолдану дерегі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Екі күдікті – 1994 және 1998 жылы туған ер адамдар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

СҚО Полиция департаменті мен облыстық прокуратура басшылығы ЖШС жетекшілері мен қызметкерлерін заң аясында өз құқықтарын қорғауға шақырады.

Айта кетейік, «Тиолайн» ЖШС титан-цирконий кенін өндіріп, байытумен айналысады. Серіктестік 2004 жылы әділет органдарында тіркеліп, кен орнының жанынан кен-байыту комбинатын салды. ЖШС қазір жеті құрылтайшысы бар. 2006 жылы кәсіпорын ҚР Энергетика министрлігімен титан-цирконий құмын 2023 жылға дейін өндіру бойынша келісімшартқа отырды. Бүгінде құрылтайшылар тапқан табысты бөлісе алмай, дауласып жатыр. Бұған дейін де бірнеше рет жанжалдасып, соттасқан.


Соңғы жаңалықтар