СҚО-ның спорт басқармасы қайтыс болған велосипедші қыз туралы айтып берді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының Дене тәрбиесі және спорт басқармасы велосипедші Дана Ахметованы жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек береді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Басқарма басшысы Руслан Есеналин 17 жастағы Дана Ахметованың СҚО құрама командасында Жастар чемпионатына және оқу-жаттығу жиынына қатысқанын айтып берді.

Ол бірнеше медаль әкеліп үлгерген еді. Жарыстардың бірінде, 23 маусым күні күн өтіп, ауруханаға түскен. Спортшы қыз 4 күн бойы ес-түссіз жатты және бесінші күні бүйректері жұмысын тоқтатты.

Дана 7 сыныпта Солтүстік Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатына қабылданған. Оның жеке бапкері - ҚР еңбек сіңірген бапкері, СҚО әйелдер велоспорты бойынша аға бапкер Виктор Потапов. Қайғылы оқиғаға дейін бапкер тәрбиеленушісінің қасында болған.

«Шәкірттен айырылудың не екенін жақсы білемін. Өткен жылы менің тәрбиеленушім Азамат Нұрпейісов қайтыс болды. Бұл өз ұлыңды жоғалтқанмен бірдей. Дананың ата-анасы мен бапкерінің қайғысына ортақпын. Алматыға кетер кезде Дана медициналық тексеруден өткен, дені сау болатын», - деді Руслан Есеналин.

Ол Дана Ахметованың дарынды спортшы болғанын атап өтті. 17 жасында-ақ Дана велосипед спорты бойынша ҚР спорт шебері атанды, ҚР ұлттық құрамасының жастар құрамының мүшесі болды, Олимпиадалық дайындық орталығында есепте тұрған.

Дана Ахметова 2000 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Спорттық интернат түлегі, Аққайың ауданы, Тоқыш ауылының тумасы. Қазір Дананың ата-анасы Алматыда және спортшы туған ауылына жерленеді. 

Бүгін мәйітті тексеру жұмыстары басталады, сот-медициналық сараптама Дана Ахметованың неден қайтыс болғанын анықтайды.

Еске сала кетейік, Алматы қаласының №7 ауруханасында қазақстандық велосипедші Дана Ахметова қайтыс болды. 17 жастағы спортшы Алматыда өтіп жатқан IV Жастар спорттық ойындарында есінен танып құлаған және оны жедел жәрдем бригадасы жан сақтау бөліміне жеткізген. Дәрігерлер Дананың жағдайын аса ауыр деп бағалады. Кеше велосипелші қыз есін жимастан бақилық болды.

Соңғы жаңалықтар