СҚО-ның Ресеймен шекаралас орналасқан ауылдарына енді отандық телеэфир қолжетімді болмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы 1 ақпаннан бастап цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне көшеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО телерадио хабарларын тарату дирекциясының мамандары брифингіде өңірдің цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне көшетінін хабардар етті.

Жетекші инженер Дәурен Самұратовтың айтуынша, биыл жоспар бойынша DVB-T2 стандартындағы цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне көшу Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласында жүзеге асырылады. Яғни осы күннен бастап аналог телехабар тарату желісі өшіріледі.

«Жоба аясында СҚО былтыр 1 желтоқсанда көшуі тиіс еді. Белгілі себептермен ол 1 ақпанға шегерілді. Осы уақытқа дейін көптеген дайындық жүргізілді. Өңірде 42 радио-телевизиялық станса тұрғызылып, жаңғыртылды. Нәтижесінде цифрлық эфирлік хабар тарату сигналы 617 елді мекенге жетеді. Осылайша 537 780 адам «цифрға» қолжетімді болды, бұл облыс халқының 98 %-ы», - дейді Дәурен Самұратов.

«Қазтелерадио» АҚ техникалық орталығының мәліметінше, аналог телерадиохабар тарату желісі өшірілгеннен кейін 4 мыңнан астам халқы бар 21 елді мекен ЦЭТТ қамту аумағынан тыс қалады. Бұл ауылдарды жаңа форматқа көшіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілмек.

«Артықшылығы көп. Алдымен хабар тарататын арналардың бейне мен дыбыс сапасы едәуір артады. Мультиплексте бірнеше HD форматтағы арна да бар. Екіншіден қолжетімді арна саны артады. Петропавл маңындағы 280 мың тұрғыны бар 130 елді мекенде 26 телеарна қолжетімді болады. Сондай-ақ Ресеймен шекаралас орналасқан біздің облыстағы елді мекен тұрғындары енді көрші мемлекеттің емес, отандық телеөнімді көруге мүмкіндік алады», - дейді СҚО телерадио хабарларын тарату дирекциясы басшысының орынбасары Еркін Мекенов.

Қазіргі таңда халық аналог телевизияның өшірілетіндігі жөнінде хабарландырылған.

«ЦЭТТ-ға қосылу үшін бөлмелік немесе тысқа орнатылатын қабылдағыш антенна мен DVB-T2 стандартында көрсететін теледидар қажет. Содан кейін мәзірде цифрлық арналарды іздестіру түймешесін басу керек. Осымен болды, арналар қолжетімді.

Егер теледидарыңыз DVB-T2 стандартын ұстамайтын болса, ЦЭТТ желісіне арналған қабылдағыш сатып алу керек. Бұл қабылдағыштар тұрмыстық және компьютер техникасы дүкендерінде сатылады», - дейді СҚО телерадио хабарларын тарату дирекциясының жетекші инженері Дәурен Самұратов.


Соңғы жаңалықтар