СҚО-ның өрт сөндірушілері арасында үздіктер анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің бөлімшелері арасында үздіктер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құтқарушылар «Газ-түтіннен қорғау қызметінің озат буыны», «Үздік газ-түтіннен қорғаушы» атағы үшін сынға түсті.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің пікірінше, өрт сөндірушілер үшін мұндай жарыстардың маңызы зор. Олар кәсіби шеберліктерін шыңдайды, физикалық дайындықтарын пысықтайды. Өйткені өрт аймағына ең алғашқылардың бірі болып газ-түтіннен қорғаушылар аяқ басып, қалың түтін ішінде адамдарды іздеп, олардың өмірін құтқарады. Биыл жарысқа 16 команда қатысып жатыр. Әрқайсысында – 4 адамнан.

Жарыс үш кезеңнен тұрды. Алдымен, өрт сөндірушілердің психологиялық дайындығы сынға түсті. Құтқарушылар от жолағы арқылы өтті. Келесі кезеңде әр буын бірігіп, тас қараңғыда, қалың түтінде жылу-түтін камераларынан өтуі тиіс болды. Оларға өрт шыққан жерді тауып, оны жойып, зардап шеккендерді эвакуациялау міндеті жүктелді. Одан кейін жарыс функционалды өрт көпсайысы бойынша жалғасты.

Қатысушылардың айтуынша, осындай жарыстарда ең қиыны – психологиялық кедергілерден яғни, қалың қою түтінге толы тастай қараңғы бөлмеден манекенді тауып алып, жану ошағын жойып өту. Бұл жерде газ-түтіннен қорғау қызметі буынының бірлесе әрекет етуі аса маңызды.

Жарыс қорытындысы бойынша Петропавл қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің мамандары жеңіп, «Газ-түтіннен қорғау қызметінің озат буыны» атағына ие болды. Ал Петропавл қалалық №5-ӨСБ өрт сөндірушісі Бақыт Мерекенов «Үздік газ-түтіннен қорғаушы» атанды.

Соңғы жаңалықтар