СҚО мен Ақмола облысы балық шаруашылығын дамытуды бірлесіп қолға алуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында балық шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нығмет Қауашевтың айтуынша, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы өз өкілеттігін Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімшілік шекаралары шегінде жүзеге асырады. Ақмола облысының әкімшілік шегінде 700-ден астам су айдыны орналасқан. Бұл – салыстырмалы түрде үлкен су қоймалары, шағын су қоймалары, өзендер және жергілікті көлдер тәрізді әртүрлі гидрологиялық нысандар. Су айдындарының басым көпшілігі балық шаруашылығы мақсатында пайдаланылады, өзгесі суда жүзетін құстарды өсіру және демалу орны ретінде қызмет етеді, кейбіреулерінде омыртқасыз жануарлар ауланады.

«Ақмола облысы бойынша балық шаруашылығы су айдындарының тізбесіне енгізілген 561 су айдыны бар. Оның ішінде 348 су қоймасы мен учаскелері (көл, өзен, тоған) бектілген болса, 156 су қоймасы бекітілмеген, яғни, резервтік қорда. Ал, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 491 су қоймасы бар. Оның ішінде 292 бекітлсе, қалған 199 cу қоймасы бекітілмеген. Балық және өзге де су жануарларын аулау бойынша лимит 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап 2022 жылдың 1 шілдесіне дейінгі кезең аралығындағы игерілуі 1166,6 тоннаны құрады. Оның 19,4 мың тоннасы игерілді. Өткен жылы Ақмола облысының табиғат пайдаланушылары бекітілген су айдындарына 17 миллион 147 мың теңгенің 28 миллион 431 мың дана әртүрлі балық түрлерінің дәрнәсіл тәрізді жас балық шабақтарын жіберді», -деді Нығмет Қауашев.

Инспекция басшысы атап өткендей, шабақтарды жеткізумен Зеренді балық шаруашылығы кәсіпорны айналысады. Биыл Ақмола облысында балық шаруашылығын дамытуға бағытталған 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарлама әзірленді. Бағдарлама балық өнеркәсібі қызметінің балық аулау, балық өсіру және қайта өңдеу тәрізді негізгі түрлерін дамытуға бағытталған. Ондағы басты мақсат – халықты балық өнімдерімен қамтамасыз етудің көрсеткіштерін арттыру және балық шаруашылығын дамыту үшін жағдай жасау. Облыста балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы аясында тауарлы балық өндірісінің көлемін 10 308 тоннаға арттыру жоспарлануда, 302-ден астам жаңа шаруашылық және 500 жұмыс орны ашылады. Балық өсірудің субсидиясы 2021-2030 жылдары қарастырылған.

«Осы бағдарлама аясында тауарлы балық шаруашылығының жылдық көлемін 10 мың тоннаға дейін арттыру бойынша бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері инспекция қызметкерлері браконьерлік фактілердің жолын кесу бойынша 1538 рейдтік іс-шара өткізді. Оның қорытындысы бойынша табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 472 фактісі анықталды. Сондай-ақ, 471 жеке тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, 12 іс материал сот органдарына, сондай-ақ, құқық қорғау органындарына 1 іс материалы жіберілді. Құқық бұзушыларға 8 318 711 теңге көлемінде айыппұл салынды. Есіл бассейнінің су айдындарында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясын өткізу кезінде 2021 жылдың 1 мамыры мен 31 мамыр аралығында қоқыстан және иесіз аулау құралдарынан тазарту бойынша барлығы 768 адам қатысып, 269 автокөлік, 93 жүзу құралы пайдаланылды. Ауданы 38,34 гектар акваторияда тралдау жолымен 285 иесіз қалған аулау құралдары жиналды, 38,34 тонна қатты тұрмыстық қоқыс шығарылды», - деп қосты Нығмет Қауашев.

Сонымен қатар, инспекция басшысы бүгінгі күні Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының материалдық-техникалық базасы нығайып келе жатқандығын атап өтті.

«Бүгін инспекция жол талғамайтын үш «JAK» көлігі және екі «КАЗВОАТ» қайығы сатып алды. Бұл көліктер балық шаруашылығын қорғау, өсімін молайту және браконьерлікпен күресу мақсатында пайдаланылатын болады», - деп түйіндеді Нығмет Қауашев.


Соңғы жаңалықтар