СҚО меценаттары бір ғана ауданды көркейтуге 163,5 млн теңге бағыттады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер елді мекендердегі тұрмыс сапасын жақсартуға өз үлестерін қосып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірдегі 635 елді мекенде 5496 агроқұрылым жұмыс істейді. Олардың 544-і, яғни шамамен 10% тұрып жатқан ауылдарын көркейтуге ат салысуда.

Меценаттардың басым бөлігі Есіл ауданында тұрады. Мәселен «Заградовское» ЖШС Заградовка елді мекенінде 10 млн теңгеге фельдшерлік-акушерлік пунктті жөндеді. 35 млн теңгеге мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіп, айналасына 5 млн теңгеге түрлі ағаш көшеттерін отырғызды. Бұдан басқа 25 млн теңгеге тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Шаруашылық жұмысшыларының орташа еңбекақысы былтыр 122 мың теңгеден 138 мың теңгеге жетті.

Осы елді мекендегі тағы бір шаруашылық - «Прометей – Агро» ЖШС отбасылық демалыс орталығын салды. Мұнда жайлы дәмхана, балалардың ойын бөлмесі, бильярд, сұлулық салоны және қонақүй жұмыс істейді. Мектепті де көркем әдебиетпен қамтып отыр.

Корнеевка елді мекеніндегі «Мария села Корнеевка» ЖШС малшылар үйін салып берсе, «Агро профьюжен СВ» ЖШС мәдениет үйін жөндеді.

Ильинка елді мекеніндегі «Ильинское» ЖШС-нің жетекшісі де әріптестерінен қалмай, туған ауылдың өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Жыл сайын ауылдық округтің әлеуметтік мәселелерін шешуге 30 млн теңге бөледі. Былтыр бұл қаражатқа асфальт төселіп, баспаналар салынды. «Ильинское Агро» ЖШС де жұмысшыларына тұрғын үй салып жатыр.

Тораңғұл ауылдық округінде екі шаруашылық - «Атамекен-Агро Есиль» және «Азия Тарангул» ЖШС жұмыс істейді. Біріншісі Двинск ауылындағы жолды жөндеп берсе, екіншісі жергілікті фельдшерлік-акушерлік пунктті жөндеуден өткізді, мәдениет үйіндегі шығармашылық ұжымдарды керек-жарақпен қамтамасыз етіп, Тораңғұл ауылында екі үй салды.

Бұл аудандағы 53 елді мекенде 109 кәсіпкер ісін дөңгелеткен. Солардың 30 % былтыр 163,5 млн теңгеге демеушілік жасады.


Соңғы жаңалықтар