СҚО кәсіпорындарында әр үшінші жұмысшының жасы 50-ден асқан

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмысшы мамандықтарына тапшылықты жою үшін кәсіпорындарға кадрларды өздеріне даярлауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің отырысында Құмар Ақсақалов өңірде алдағы уақытта жұмыс күшіне қажеттіліктің тек артатынын айтты. Соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша облыстың экономикасы қарқынды дамып келеді. Ал экономика өскен сайын жұмыс күшіне деген қажеттілік те арта бермек.

«Қазір бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Электротехникалық өнім шығаратын кәсіпорынға 300 маман, термос-вагон құрастыруға 200 жұмысшы, ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруға 100 адам қажет болады. Бұдан басқа ламинатталған фанера, полипропилен ыдыстар, кірпіш, қағаз бұйымдарын шығармақпыз. «ЗИКСТО» зауыты өнім көлемін арттырмақ. Нәтижесінде барлығы 1200-дей жұмысшы керек болады. Ал өңір кәсіпорындарында еңбек етіп жүрген әр жұмысшының жасы 50-ден асқанын ескерсек, жас мамандарға деген сұраныстың жылдан жылға артатыны сөзсіз», - дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы бұл мәселені шешу үшін жергілікті кәсіпорындарға қажетті мамандарды өздеріне даярлауды ұсынды. Ол Петропавлдағы «Радуга» ЖШС тәжірибесін басқаларға үлгі етті.

«Радуга» ЖШС инновациялық кәсіби даму колледжін ашып, жақсы бастаманы қолға алды. Қазір онда 20 студент білім алып жатыр. Оқу орнын бітірісімен осы кәсіпорынға жұмысқа алынады. Облыстағы ірі өнеркәсіп ошақтары, ауыл шаруашылығы құрылымдары бұған мән берулері қажет», - деді өңір басшысы.

«Радуга» ЖШС колледжі өздеріне қажет мамандарды – автоматты және жартылай автоматтандырылған желілер мен қондырғылардың операторларын оқытып жатыр. Алғашқы мемлекеттік тапсырысты да алды.


Соңғы жаңалықтар