СҚО кәсіпорны «Еңбек» бағдарламасымен мамандарды қайта даярлап жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ жанынан ашылған оқыту орталығы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында екінші жыл қатарынан нарықта сұранысқа ие жұмысшы мамандарды қайта даярлап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ жанынан оқу орталығы былтыр ашылды. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл мұнда 16 адам дәнекерлеуші мамандығы бойынша қайта оқудан өтіп жатыр. Үш айға шақталған курс барысында тыңдаушылар тео риямен танысып, өндірістік тәжірибеден өтеді. Кейін білімдерін қорытындылап, сынақ тапсырады. Биыл үшінші рет түлектерін шығармақ.


Оқыту орталығы жергілікті кәсіпкерлер палатасымен, жұмыспен қамту басқармасымен бірге жұмыс істейді. Тыңдаушылар Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжде теориялық білім алса, өндірістік тәжірибені келісім бойынша Петропавлдағы бірнеше кәсіпорында өтеді.

«Біздің оқушыларымыз кәсіпорындарда басқалармен тең дәрежеде жұмыс істейді. Осылайша тәжірибе жинақтайды. Өздерін жақсы көрсеткендері сол жерде еңбек етіп қалуы мүмкін. Біз түлектеріміздің 60 % жұмыс тауып беруге міндеттіміз. Олар бұл жерде тегін білім алады», - дейді «ПАМЖЗ» АҚ оқыту орталығының жетекшісі Татьяна Чепухина.

Оқыту орталығы былтыр газ-электрдәнекерлеушілерді және бағдарламалық басқару машиналарының операторларын, фрезерлік білдек мамандарын даярлады. 100-ге жуық маман сертификат алып шықса, солардың шамамен 70 % тұрақты жұмыс тапқан.

«Биыл оқу курстарын індетке байланысты кеш бастауға тура келді. Тыңдаушыларды жұмыспен қамту орталығы жолдамамен жібереді. Бағдарлама аясында өз жұмысшыларымыздың да білімдерін жетілдіруге мүмкіндігіміз бар. Бұрын олар дәнекерлеуші болып еңбек етсе, енді бағдарламамен басқарылатын білдектерде жұмыс істей алады», - дейді Татьяна Чепухина.

Оқыту курсының тыңдаушылары 24 қыркүйектен бастап емтихан тапсырады.


Соңғы жаңалықтар