СҚО кәсіпкерлері өз өнімдерін көбіне ТМД елдеріне экспорттайды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы жыл басынан тауардың шыққан жерін растайтын сертификаттың 2300-ін жасаса, соның 2 мыңнан астамын бизнесмен-экспортерлерге берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақтық кәсіпкерлер палатасы тауардың шыққан жері туралы сертификатты 2015 жылдан бастап береді. Қазір солтүстікқазақстандықтар ғана емес, республиканың басқа өңірлерінің кәсіпкерлері де палатаға сертификаттың бірнеше түрін алу үшін жүгінеді. Мәселен, СТ-KZ сертификаты тауардың Қазақстанда жасалғанын ғана көрсетіп қоймай, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсқа қатысатындардың барлығына қажет.

«Біз көбіне тауарын экспортқа шығарғысы келетіндерге сертификат береміз. СТ-1 формасы ТМД елдерінде қабылданады. А формасы Еуроодақ елдерінің кейбірінде өнім өндірушілерге жеңілдіктер береді. Өзбекстан үшін СТ-1 формасындағы өзгеше сертификат жарамды. Бұдан басқа да сертификаттардың бірнеше түрі кездеседі», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының маманы Олег Жугин.

Жыл басынан кәсіпкерлер палатасы шетелге шығарылған тауарлардың партиясына 2077 сертификат берген. Ал СТ-KZ формасындағы құжаттың 261 толтырылыпты.

«Шетелге жүк жіберетіндерден тапсырыс күнделікті түседі. СТ-1 формасындағы сертификаттың 889 толтырылып, тауар Тәжікстан, Ресей Федерациясына, Украина, Қырғызстан мен Түркіменстанға жіберілді. А формасындағы 189 сертификат тауарды Түркия, Германия мен Италияға жіберетіндерге берілді. Солтүстікқазақстандықтар бұл құжатпен бірқатар жеңілдіктерге ие болды. Бұдан басқа Еуроодақ елдерінде қолданылатын Түпнұсқа формасындағы 592 сертификатты бердік. Ол құжат Иран, Ауғанстан, Қытай және Моңғолия елдерінде тауардың шыққан жерін растайды», - дейді Олег Жугин.

Өзбекстанға жіберілген тауарлардың партиясына 407 сертификат толтырылған. Бұл елге негізінен бидай мен кебек тасымалданады. Қырғызстан мен Тәжікстанға да бидай экспортталса, Ресей бидайдан басқа макарон өнімдерін, мұздатылған жартылай дайын өнімдерді, сүт өнімдерін, зығыр, рапс және рапс пен зығыр күнжарасын алады. Украинаға электроқшаулағыш материалдар жеткізіледі. Еуроодақ елдеріне, Иран, Ауғанстан, Қытай мен Түркияға да солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер негізінен бидай және майлы дақылдарды экспорттайды.

Соңғы жаңалықтар