СҚО-дағы халықаралық ақындар айтысы: Бас жүлде Әсем Ережеқызына бұйырды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» атты халықаралық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Киелі өнердің өңірде насихатталуын «Nur Otan» партиясы қолдап, СҚО әкімдігі ұйымдастырды. Аламан доданы Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізді.

Сөз сайысына есімдері елге танымал қостанайлық Айбек Қалиев, астаналық Рауан Қайдар, қызылордалық Мұхтар Ниязов пен Мейірбек Сұлтанхан, қарағандылық Төлеген Жаманов, Шығыс Қазақстаннан Серік Қуанған, Батыс Қазақстаннан Жансая Мусина, Ақмола облысынан Ерлан Дәулет, Павлодардан Аспанбек Шұғатаев, Нұр-Сұлтаннан Бекзат Асқаров, Әсем Ережеқызы, СҚО-дан Жұмабек Рахымов, Жарқын Жұпархан, сондай-ақ Қытай Халық Республикасынан Сұлужан Тауыпалды, Өзбекстаннан Талғат Орынбеков, Моңғолиядан Хавдолла Бейісханұлы, Қырғызстаннан Нұрсұлтан Малдыбаев сынды айтулы айтыскерлер қатысты.

Ақындардың өнеріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай бастаған, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов, айтыс өнерінің ақтаңгері Аманжол Әлтаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, журналист Бауыржан Халиолла, руханият жанашыры, кәсіпкер Жомарт Омаров, ақын, сазгер, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Дәстен Баймұқанов баға береді.

Бірнеше сағатқа созылған жыр додасында арқалы ақындар тарихқа терең бойлап, тәуелсіздікті жырларына арқау етті. Сахнада бақ сынаған ақындар сөзге шешендігі мен ой ұшқырлығын көрсетті.

Нәтижесінде «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» атты халықаралық айтыстың қортындысы бойынша бас жүлде Әсем Ережеқызына, бірінші орын Хавдолла Бейсханұлына бұйырды. Екінші орынды Жарқын Жұпархан мен Мейірбек Сұлтанхан алса, үшінші орынды Нұрсұлтан Малдыбаев, Айбек Қалиев, Жансая Мусина бөлісті.



Соңғы жаңалықтар