СҚО-дағы әйелдер колониясында «Ана – менің жүрегім» атты мерекелік кеш өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/6 мекемесінде халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында «Ана – менің жүрегім» атты мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара сотталған әйелдердің туған, жақын адамдарымен,балаларымен бір кездері жоғалған рухани байланыстарын жандандыру мақсатында өткізілді.

Түзету мекемесінде бүгінде 240 қыз-келіншек жазасын өтеп жатыр. Олардың ішінде адам қанын мойнына жүктегендер де, алаяқтық жасап, ұрлық үшін отырғандар да бар. Жастары да әртүрлі.

Мәселен солардың бірі Салтанат - көпбалалы ана, «күміс алқа» иегері. Алты баласынан 11 немересі бар. Төрт жылға сотталған ол биыл жазасын өтеп шықпақ.

«Бір кісінің шақыруымен топқа кірдім, олар жер сатумен айналысты. Істеген әрекеттерінің заңсыз екенін білмедім. Ешқашан біреудің ала жібін аттап көрмеп едім. 10 айдан кейін үйге барамын. Балаларым күтіп жүр.Немерелерімді сотталғаннан бері көрген жоқпын, екеуі мен осында отырғанда дүниеге келді», - дейді жазасын өтеуші.

Сахнада орындалған ана туралы әндер жазасын өтеушілердің көңілдерін босатып, жүректерін қозғады. Ал сотталушылардың жақындарының оларды келе жатқан халықаралық әйелдер күнімен бейнеқұттықтауы күтпеген сый болды. Мұны түзету мекемесінің әкімшілігі ұйымдастырған екен.

«Менің бір балам бар. Мереке қарсаңында ұлымнан бейнеқұттықтауды көру мен үшін үлкен бақыт. Мекеме әкімшілігіне осындай тосын сый жасағаны үшін алғысымды білдіремін. Баламды қатты сағындым. Василий сен ең ақылды, білімді, сүйкімді, баласың. Жақын арада қайта қауышатын боламыз», - дейді жазасын өтеуші.


Соңғы жаңалықтар