СҚО-да жылына 1200 термос-вагон шығарылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы екі ірі зауыт өндірісті жаңғыртып, өңірді кешенді дамыту бағдарламасы аясында жаңа қондырғыларға қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі ірі кәсіпорындар – Киров атындағы зауыт пен Петропавл ауыр машина жасау зауытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтты. Олардың екеуі де былтыр технологиялық жаңғыртудан өтіп, жаңа өнім шығаруды қолға алды.

Киров атындағы зауыт 2 млрд теңгеге заманауи қондырғы алды. Енді компьютерлік техниканы шығарып жатыр. Қытайлық әріптестерінің көмегімен ноутбуктерді құрастырудан бастаған олар бірер жылда жүйелік блоктар мен планшеттер өндірісін де жолға қоймақ.

«Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Киров атындағы зауытта жағдай жақсарды. Қазақстандық сауда белгісімен компьютерлік техниканы шығарып жатыр. Петропавл ауыр машина жасау зауытындағы жағдай да түзеледі деген сенімдемін. Қазір бұл кәсіпорын тез бұзылатын азық-түлікті тасымалдайтын термовагондар өндірісін қолға алды», - дейді Құмар Ақсақалов.

СҚО-ны кешенді дамыту бағдарламасы аясында кәсіпорынға компьютермен басқарылатын 39 қондырғы сатып алынды. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, жаңа өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік бермек.

«Петропавл ауыр машина жасау зауытында кеңестік заманнан бері жабық жатқан үш үлкен корпусты аштық. Кәсіпорынды дамытуға ақша құятын ресейлік инвесторларды таптық. Жақында зауыт толықтай жаңарады. Жаңа өнім – вагон-термостарға сұраныс өте жоғары. Ресейден алғашқы тапсырыстар бар. Біз өзіміздің термовагондарға сертификат алдық. Болашағы зор. Бір вагон 34 млн теңге тұрады. Бұл ресейлік өнімнен анағұрлым арзан», - дейді өңір басшысы.

Изотермиялық вагон-термостардың өндірісімен кәсіпорында жаңадан 200 жұмыс орны ашылмақшы. Зауыт жылына 1200 вагон шығаруды жоспарлаған.


Соңғы жаңалықтар