СҚО-да жыл басынан қару ұстап жүруге 1,6 мың адамға рұқсат берілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті жыл басынан қаруды сақтап, алып жүруге рұқсат беру бойынша 1613 адамға мемлекеттік қызмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекеттік қызметтің бұл түрі тұрғындар арасында сұранысқа ие. Рұқсатты қаруды алғаш сатып алғандар және бұрыннан барлары алуы керек. Бұған дейін рұқсат құжаттың мерзімін ұзартуға мүмкін болса, енді әр бес жыл сайын оны жаңадан алу қажет. Бұл қызмет «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетіледі.

«Қазір азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бойынша бөлімшелердің барлық қызметі қашықтан көрсетіледі. Бұл, тұрғындарға ыңғайлы болуы және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жасалған. Мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа стандарты ҚР ІІМ-нің биылғы 27 наурыздағы № 254 бұйрығымен бекітілген. Барлық қызметтер электрондық форматқа көшірілген. Олардың саны 8-ден 6-ға дейін қысқарды. Ұзартудан бөлек, комиссиялық сатуға жолдама да берілмейтін болды. Енді қаруды комиссиялық дүкенге тапсырған кезде рұқсат құжат пен жеке куәлікті көрсету жеткілікті», - деді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Полицейлердің айтуынша, кей қару иелері «электрондық үкімет» порталын пайдалану барысында қиындыққа кездесіп жатады. Сол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығында «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінен қызметті іздеу қажет. Ал үй компьютерінен кірген жайдайда egov.kz сайты арқылы іздеуге болады. Мәселен, «қаруды тіркеу» сауалын енгізген кезде «Қазақстанда қаруды тіркеу» деген бетке шығады. Сол жерде қажетті қызметті таңдауға болады.

СҚО-да жыл басынан полиция бөлімшелері қару-жараққа қатысты 2390 мемлекеттік қызмет көрсетті. Соның ішінде 1613 адам қаруды сақтап, алып жүруге рұқсат алған.


Соңғы жаңалықтар