СҚО-да жолды сапасыз жөндеген компания 2 жыл сот шешімін орындамай отыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мониторингілік топ Жамбыл ауданындағы «Пресновка-Благовещенка-Кайранкөл КТ-32» облыстық автожолының сапасын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мәліметінше, қоғамдық бақылау аясында кеңсе өкілдері, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы және Жол активтері сапасы ұлттық орталығының филиалы СҚО Жамбыл ауданындағы «Пресновка-Благовещенка-Кайранкөл КТ-32» облыстық автожолының бұған дейін жөнделген 17 км учаскесінің сапасына мониторинг жүргізді.


Бұл учаскеде «Kaz Fortis» ЖШС мердігер компаниясы орташа жөндеу жүргізген болатын. Жұмыстар 2019 жылдың маусым айында басталып, сол жылдың қазан айында аяқталды.

Бұған дейін «Сапалы жол» жобасы аясында учаске бойынша бірқатар олқылық анықталған еді. Іс сотқа дейін жетіп, сот үкімі бойынша мердігер компания 2021 жылдың қазан айының соңына дейін жолды жөнге келтіруі тиіс болды.

Осы жолы мониторинг барысында асфальттың құрылысы, оның құрамы және жобаға сәйкестігі зерттелді. Нәтижесінде Жол активтері сапасы ұлттық орталығының филиалы тағы да олқылықтарды анықтады: алынған үлгілер тиісті қалыңдықтан жұқа, жаңадан салынған асфальтбетонның бір бөлігі қазірдің өзінде үгітіліп жатыр, ал кепілдік берілген асфальтбетонның бір бөлігі жөнделмеген.

Тапсырыс беруші мердігер компанияға ескертулер жіберіп, оны жоюға уақыт берді. Ақауларды түзету бойынша сот шешімі орындалмаған жағдайда, әрбір орындалмаған күн үшін 10 АЕК мөлшерінде өсімпұл есептеледі. Сот үкімі қасақана орындалмаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар