СҚО-да жедел жәрдем шақырушылар екі есе артқан

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда бір жедел жәрдем бригадасы 16 шақыртуға баруы тиіс болса, қазір олар 30 шақыртуға дейін баруға мәжбүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов онлайн брифинг барысында жедел жәрдем қызметінің жұмысына тоқталды. Өйткені соңғы кездері әлеуметтік желіде олардың жұмысына сын айтушылар көбейген еді.

Өңір басшысының айтуынша, СҚО-да жедел жәрдем қызметінің 31 бригадасы бар. Тағы 20 бригада созылмалы аурулар бойынша шақырту түскенде көмекке барады. Соңғы уақытта Петропавлдағы жедел жәрдемге жүктеме екі есе артқан.

«Норма бойынша бір жедел жәрдем бригадасы кезекшілік барысында 16 шақыртуға баруы тиіс. Қазір олар 30 шақыртуға дейін шығады. Орта есеппен 13 минут ішінде баруы қажет. Ал емханалар жанындағы жедел жәрдем қызметтерінің шақыртуға бару уақыты, өкінішке орай, артты. Бұған өткір респираторлық аурулар бойынша шақыртудың көбеюі себеп», - дейді Құмар Ақсақалов.

Жалпы алғанда шақыртулар саны тәулігіне 450-ден 660-қа дейін, яғни 15% өскен. Ал өткір респираторлық вирустық инфекция бойынша шақыртулар 30% артып отыр.

Онлайн брифинг барысында СҚО әкімі Құмар Ақсақалов, сондай-ақ сұранысқа ие дәрі-дәрмектің негізсіз қымбаттауына жол берілмейтіндігін айтты.

Соңғы жаңалықтар