СҚО-да жазасын өтеуші шағын қаланы нанмен қамтып отыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында пробация қызметінде есепте тұрған сотталған шағын наубайхана ашып, өз ісін бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Шухрат есімді сотталған М.Жұмабаев ауданының пробация қызметі бөлімінің есебінде тұр. Жақында ер адам мамандардың көмегімен мемлекеттік бағдарламаға қатысып, кәсіпкерлік курсынан өтті. Кейін халықты жұмыспен қамту орталығына өз ісін бастауға жеке бағдарлама әзірлеп, жіберді. Нәтижесінде сотталған шағын наубайхана ашу үшін мемлекет тарапынан 200 АЕК мөлшерінде, яғни 583 мың теңге грант алды. Оған наубайханаға қажет қондырғы сатып алды.

Шухраттың жұмыс күні таңғы сағат 4.00-де басталады. Ол күніне 10 сағатқа дейін жұмыс істейді екен. Қазір ол тандыр, бөлке нан пісіреді, өнімдерін аудан дүкендеріне жеткізеді.

«Менің наубайханам М.Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында орналасқан. Жұмыс орным дәл үйімнің жанында, ыңғайлы. Бір тандыр нанның салмағы 330 гр, бағасы 120 теңге, бір бөлке нан 550 гр және 130 теңге тұрады. Менің ай сайынғы табысым орта есеппен 100-150 мың теңге шамасында, кейде одан да көп шығады. Табысым істеген жұмысыма байланысты. Мен үнемі жеткізіп тұратын 5-6 дүкен бар», - дейді Шухрат.

Ол бұл кәсіпті СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесінде жазасын өтеп жүрген кезде үйренген екен. Мекеменің наубайханасында бірнеше жыл жұмыс істеген.

«Шартты түрде мерзімімнен ерте босатылған соң, шыққаннан кейін өз жеке ісімді ашамын деп шешім қабылдадым. Ойымды мамандарға айтып едім, олар қолдау білдірді. Көктемде наубайханамды үлкейтіп, бірнеше адамды жұмысқа орналастыру жоспарда бар. Менің өмірім өзгерді, саналы түрде өмір сүре бастадым деп нық сеніммен айта аламын», - дейді Шухрат.


Соңғы жаңалықтар