СҚО-да жаяу жолға шығып, адасып кеткен 33 жастағы ер адам құтқарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданында құтқарушылар көрші ауылға жаяу шығып, жолда адасып кеткен ер адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5 ақпан күні сағат 15.30 шамасында ТЖД кезекші бөліміне адасып кеткен ер адам хабарласқан. Ол өзінің Есіл ауданы Қарағаш ауылынан Аққайың ауданының Рублевка елді мекеніне жаяу шығып, адасып кеткенін айтқан. 10 шақырым жүрген 33 жастағы ер адам бағыттан айырылғанын түсініп, 112 телефон нөміріне қоңырау шалыпты. Ол ұялы телефонының батареясы отырмай тұрып, жақын маңда электр тарату желілерінің бар екенін айтып үлгеріпті.

Бірден екі ауданның төтенше жағдайлар бөлімі, полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы билік өкілдері хабардар етілді. Явленка елді мекеніндегі №10 өрт сөндіру бөлімінен «ТРЭКОЛ» жол талғамайтын көлігімен іздеу-құтқару тобы аттанды.

Іздеу шаралары 6 сағатқа созылды. Сол күні жүрген қар көшкіні құтқарушылардың жұмысын қиындата түсті. Үміт үзіле бастаған уақытта олардың көзіне иесіз қалған қойманың ғимараты және соған апарған із түседі. От жағып, жылынып отырған адам құтқарушыларды көріп, қатты қуанады.

«Құтқарушылар мен полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз. Олар мені таппағанда не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Бүгін қайта тудым десе болады», - дейді Дәурен.

Ол Қарағаш ауылының асханасына жеткізіліп, ыстық тамақ, шай берілді. Медициналық көмек қажет болмады.


Соңғы жаңалықтар