СҚО-да жаңадан екінші хоккей корты салынып, пайдалануға берілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Мамлютка қаласында «Tarlan» атты жаңа хоккей корты ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хоккей корты Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимкада ашылды.

Енді дәл осында мұз айдыны Мамлют ауданының орталығында ашылып отыр.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде былтыр 5 хоккей кортының құрылысы басталды. Екі спорт нысаны іске қосылды, қалғандары қаңтардың аяғына дейін ашылады.

Спорт нысанын салуға бюджеттен 106 млн теңге қаражат бөлінді.

«Мамлют ауданының хоккейден құрама командасы бар. Бұған дейін ашық мұз алаңында ғана жаттығып, ауа райына тәуелді болып келді. Жаңа хоккей кортында жергілікті команда жаттығып, балалар спортын да дамытуды жоспарлап отырмыз. Оған қоса тұрғындар да конькимен сырғанай алады. Аудандық спорт жарыстарын да осы кортта өткіземіз», - дейді Мамлют аудандық спорт бөлімінің басшысы Думан Серғалиев.


2021 жылы тағы 7 хоккей кортының құрылысы басталады.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша спорт саласына бөлінген қаржыландыруды 18%-ке арттырдық. Бұл қаражатқа жаңа спорт нысандары тұрғызылып жатыр. 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінінің құрылысы басталып, біреуін қолданысқа беріп үлгердік. Биыл Тимирязев ауданында да осындай кешен салынады. Мамлют ауданында бұдан басқа жаңа, заманауи спорт кешенін тұрғызбақпыз», - дейді Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар