СҚО-да волонтерлердің саны 10 мыңға жетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында волонтерлер жылы аясында еріктілер қозғалысы 10 мыңға жуық адаммен толықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-ның өңірлік коммуникациялар қызметінде волонтерлердің аймақтық фронт-кеңсесінің өкілдері волонтерлық қозғалыстың жұмысы жайында есеп берді.

Петропавлда волонтерлердің аймақтық фронт-кеңсесі наурыз айында ашылды. Қазір ол 10 мыңға жуық мүшесі бар 26 ұйыммен жұмыс істеп келеді. Оның ішіне жастар ресурстық орталықтары жанынан құрылған волонтерлер клубтары да кіреді.

«Фронт-кеңсенің үйлестірушілері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес береді. Сондай-ақ тұрғындарды волонтерлікке тартып, ақпараттандырады. Осы жылы үлкен жұмыс атқарылды. Біздің волонтерлер көпбалалы отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға көмектеседі, соғыс ардагерлерін назардан тыс қалдырмайды. Полицияға жоғалған адамдарды табуға көмектеседі», - дейді СҚО жастар бастамалары бөлімінің басшысы – волонтерлердің аймақтық Фронт-кеңсесінің үйлестірушісі Анастасия Волкова.

Биыл карантин уақытында волонтерлер 19 мың адамға көмектесті. Олар күнделікті 140 мекенжайға барып, 5 мыңнан астам азық-түлік пакеттерін таратты. 15 мың маска тігіп, тегін үлестірді. Дәріханалардан дәрі-дәрмектерді жеткізіп тұрды.

«Індетпен күресте волонтерлер мен еріктілердің еңбегі орасан. Біз басқа да маңызды бағыттарды ұмытқан жоқпыз. Олардың ішінде жануарларға арналған панажайлардағы жұмысты, тегін көрсетілген психологиялық, құқықтық көмекті айтуға болады.

Биылғы жыл бізге сабақ болды, ойымызды өзгертті. Біз өмірді бағалауды үйрендік, жақын туғандарымызға барынша қамқор бола білдік. Мейірімділік, қайырымдылық, ауызбірлік сияқты ізгі қасиеттер бойымыздан көрінді. Бұл – қоғам үшін өте маңызды», - дейді Анастасия Волкова.


Соңғы жаңалықтар