СҚО-да велосипед ұрысы саусақ іздері арқылы ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 19 велосипед ұрлығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы Жамбыл көшесіндегі көп қабатты үйдің кіреберісінен ұры 35 мың теңге тұратын «BMHW» велосипедін қолды қылған. Оқиға орнында табылған саусақ ізі күдіктіні анықтауға септігін тигізді. Нәтижесінде күдіктінің бұрын сотталған 1993 жылғы қала тұрғыны екені анықталды. Бұл дерек «Ұрлық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған зат алынып, күдіктіге қатысты келуге міндеттеме алу бұлтартпау шарасы тағайындалды.

«Кіреберісте бейнебақылау болмаған. Көп жағдайда қылмыскерлер дәл осындай кіреберістерді таңдайды. Егер велосипедті пәтерде немесе жертөледе сақтау мүмкін болмаған жағдайда, оны айдап әкетуге қарсы құралдармен, мықты арқанмен жабдықтау қажет», - дейді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

СҚО полицейлері велосипед иелерін мүліктеріне сақ болуға шақырады. Тұрғындардың басым көпшілігі көліктерін баспалдақ алаңында сақтайды. Қаскөйлер көп қабатты үйлердің кіреберістеріне кіру үшін түрлі әдістерді пайдаланады, көп жағдайда үй тұрғындарының үйден шыққанын күтіп, ішке кіреді.

Жалпы жыл басынан СҚО-да 33 велосипед ұрлығы тіркелді, оның 19-ы ашылды.


Соңғы жаңалықтар