СҚО-да үй құстарына құс тұмауына қарсы вакцина егіледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауының таралуына байланысты үй құстарына екпе жасалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да құс тұмауы әрі қарай таралмауы үшін республикалық қордан 870 мың дана вакцина әкелінді. Екпе жұмыстары ауру ошақтарында жүргізіледі және Ресеймен шекаралас елдімекендердің барлық құстары егіледі.

Қазір СҚО-да ауруға қарсы тиісті жұмыстарды жүргізу үшін жедел штаб құрылған. Оның құрамына барлық мүдделі органдар кірді. Құстары қырылған тұрғындарға өтемақы төленбек.

«Өтемақы төлеу үшін акт жасалады. Құс иелері дербес шот ашулары керек болады. Сондай-ақ тұрғындарды құстары қырылған жағдайда бұл деректі жасырмай, тиісті шараларды қолдану үшін бізге хабарлауға шақырамын.

Якорь елдімекенінде де құс тұмауы анықталып карантинге жабылды. Мұндағы құс фабрикасында жағдай әзірге белгісіз», - дейді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Басқарма басшысының айтуынша, тұрғындардың хабарламасы негізінде СҚО-да 7 мыңнан астам құс қырылды. Қазір есеп қайта жүргізіліп жатыр. Өтемақы төленуіне байланысты құс иелері енді нақты деректерді жасырмай айтатын болады.

«Ауру ошағы табылған аймақтан 8 шақырымдай жерде карантиндік іс-шаралар қолға алынады. Яғни ауру құстар жойылып, қалғандарына вакцина егіледі. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Карантинге алынған елдімекенде 3 аймақ болады. Яғни ауру ошағы, екіншісі – буферлік аймақ және үшіншісі байқау аймағы. Алғашқы екеуінде вакцинация жүргізілсе, үшіншісінде бақылаймыз», - ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық испекциясының жетекшісі Марат Ибраев.

Бұған дейін СҚО-ның 7 ауданында құс тұмауының ошағы анықталғанын, құс тұмауының белең алуына байланысты 10 елдімекеннің карантинге жабылғанын айтқан едік.



Соңғы жаңалықтар